×

«Заңда қазақ тілінің қолданыс аясына қатысты нақты міндеттемелер жоқ»: сарапшы Пинтадағы тіл дауы жайлы

Тіл туралы заңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде функциясы нақты көрсетілмеген

 Ая Өміртай 16.03.2023 | 17:21
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстандағы танымал «Пинта» мейрамханалар желісі қазақ тілінде ән қосуға тыйым салғаны үшін қоғам тарапынан сынға ұшыраған болатын. Осы оқиғадан соң әлеуметтік желі қолданушылары қазақ тілі қолданысының заңмен реттелуі қажеттігін айта бастады.

Qazaqsha Jaz қозғалысының өкілі Жалғас Ертай елдегі демографиялық және тілдік ситуацияларға байланысты жаңа қоғамдық келісімге келу қажет деп есептейді. Оның айтуынша, 1997 жылы қабылданған Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде функциясы нақты көрсетілмеген.

«Бұл бірінші және соңғы оқиға емес. Мухоряпов мысалында да осыны айтқан болатынбыз. Тіл туралы заңның орнына мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы керек деп ойлаймын. Оның ішінде не қамтылуға тиіс? Тұтынушы мен тауар, қызмет сатушы арасындағы қатынас, қоғамдық орындардағы қатынас, мемлекет пен азаматтар арасындағы қатынас қарастырылуы керек. Мемлекет мемлекеттік тілдің дамуына қандай үлес қосады, қандай шара қолданады және осы заңды бұзушыға қандай жауапкершілік қарастырады? Осы мәселелерді нақты анықтап көрсеткенде ғана қоғамда Мухоряповтың мысалындағы кейстер болмайды. Қоғамдық қозғалыс болған кезде ғана жауапкершілік аяқ астынан оянып кетіп, қазақшалана бастайды. Ал бүгінгі заңда қазақ тілінің қолданыс аясына қатысты нақты міндеттемелер жоқ. Сәйкесінше заңды сақтамаған азаматтарға жауапкершілік те жоқ. Демек қоғамда өршіп кеткен ситуацияларды агрессияға айналдырып жібермес үшін бірінші кезекте  билік жаңа қоғамдық келісімге келуі керек», – дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында. 

Жалғас Ертай бастамашы болған Qazaqsha Jaz жобасы қазақтілді тұтынушылардың тауар, қызмет жайлы қазақша ақпарат алу құқығын қорғауды мақсат етеді. Қозғалыс құрылғалы бері 200-ге тарта компаниялар мен қоғамдық тамақтану орындары ұсынатын қызметтерінің қазақшалануына ықпал еткен. 

«Биліктің негізгі функциясы қоғамдық қатынастарды реттеп отыру. Байқап отырғанымыздай, мемлекеттік тіл мәселесі қоғамдық қатынастардың негізгі проблемаларының біріне айналып келе жатыр. Проблема саясиланып бара жатыр. Біздің қоғамда тілді білу, білмеу мәселесі жоқ. Қоғамда тек қана мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қай жерге дейін созылып жатқандығын анықтап, реттеп беретін заңды нормалар жоқ. Мемлекет «қазақ тілін үйретеміз» деп тіл орталықтарын ашумен ғана келеді. Тілді үйрету керек емес. Егер осындай заңды нормалар қабылданса, тілді сөйлеу, сөйлемеу мәселесі өздігінен шешімін табар еді. Осы кезге дейін қазақ тілінің іс-қағаздар жүргізуге қауқары жетпейді деп есептеп келді. Қазақ тілі сияқты кішкентай тіл кез келген бюрократиялық машинаны дөңгелетіп алып кетуге шамасы жетеді. Оған тек жағдай жасау керек. Қазақ тілін мүшкіл жағдайға түсіріп отырған биліктің өзі», – дейді Жалғас Ертай.

2008 жылы Алматыда ашылған «Пинта» желісі қазір Қазақстанның өзге де қалаларында жұмыс істеп тұр. Ашық дереккөздерде Гаухар Күнтубекова есімді азамат «Пинта проект» ЖШС-ның қазіргі директоры ретінде көрсетілген.

Желіде «Музыканты Пинты» деп аталатын чатта айтылған әңгіменің скрині таралып, онда мейрамханада қазақша әндер қойылмайтындығы ескертілген.

Қазақша әндерді бұрынғыдай айтпаймыз. Егер қонақтар сұраса немесе талап етсе, плей-листте қазақ тілінде ән жоқ екенін айтыңыздар. Әрі қарай сұраса, сөйлесу үшін директорды шақыру керек. Ән айтуға тыйым салынғандығын айтуға болмайды, – делінген хатта. 

Көпшілік наразылығынан соң аталған мейрамханалар желісі желідегі парақшаларын дереу қазақшалап, қазақша ән қойып жатқан видеоларын жариялай бастады. 

Айта кетелік, қазақ тілінің қолданысына қатысты дау соңғы жылдары күшейіп келеді. Бұл – былтырдан бері Алматыда болған үшінші жағдай.  

Кәсіпкер Рамиль Мухоряпов қазақ тіліне қатысты даулы мәлімдемесінен соң көптеген қазақстандықтар Choco холдингіне тиесілі қызметтерге бойкот жариялауға шақырды. Сондай-ақ, кәсіпкерден кешірім сұрауды да талап еткен еді. 

Сол сияқты қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан «Динара» кафесіне қоғам тарапынан бойкот жарияланған соң, кафе басшылығы кешірім сұрап, артынан әлеуметтік желілердегі парақшаларын қазақшалаған болатын.

Halyq Uni тілшісі Алматы қаласы әкімі аппаратының тілдерді дамыту және ономастика бөлімі басшысына хабарласып, қазақ тіліне қатысты даулы жағдайларды реттеуге қаншалықты араласа алатындығын сұрап көрді. Алайда бөлім басшысы Бақыт Қалымбет ресми сұрау жіберуімізді сұрап, жауап беруден бас тартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама