Мәжілісте саяси цензура бар ма?
Мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулин мен қазіргі спикер Ерлан Қошановтың қандай айырмашылығы бар? «Сұрауы бар» ютуб-арнасына келген депутатқа журналист Ербол Сейілхан осындай сұрақ қойды.
«Ерекшеліктерінің бірі – Қошанов қандай сұрақ қоям десең де рұқсат береді. Нығматулиннің кезінде, ол да бір жағынан дұрыс шығар, пленарлық отырыс көп өтетін. Сондықтан қойылатын сауал да көп, бірақ 10 сұрақтан артығы қойылмайтын. Сіз айтпақшы, саяси цензура деп айта алмаймын. Бәлкім, бұл оның тәртіпке шақырған түрі шығар. Ал Қошанов қандай сұрақ болса да, қойғыза береді. Бұл да халыққа жақындықты көрсетеді», - деді Мәжіліс депутаты Айбек Паяев.
Айбек Паяев қазір Нұрлан Нығматулиннің қайда екенін білмейтінін де айтты.
Хабарласатындай жақын байланысым жоқ. Тек қана қызмет бабымен, жоспармен жұмыс істедік, - деді мәжілісмен.
Бұған дейін Паяев «Назарбаев биліктен кемі 10 жыл бұрын кетуі керек еді» деген болатын. Сондай-ақ «6 айда тапсырмаларды орындамаса, Үкімет отставкаға кетуі керек» деді.