×

«Назарбаев биліктен кемі 10 жыл бұрын кетуі керек еді» – Айбек Паяев

Депутат биліктегі өзгерістерге қатысты ойын айтты

 Қымбат Елтайқызы 04.06.2022 | 13:30

«Елдегі болған жағдайларға Назарбаевтар отбасы ғана кінәлі емес. Оған өзге де азаматтардың тікелей қатысы бар». Мәжіліс депутаты Айбек Паяев «Сұрауы бар» арнасына берген сұхбатында осылай деді. 

«Бізде жағымпаздық басым. Келген басшыны қолпаштап көтеріп, адам танимастай етіп өзіміз өзгертеміз. Ондағы мақсат - алдап-сулап тірліктерін жасап алу. Сондықтан болған жағдайға «отбасы» ғана кінәлі емес. Оған жағымпаз көп азаматтың қатысы бар. «Неге?» дейсіз ғой. Неге қазір маслихаттың 50%-ын белсенді қылмақшымыз? Өйткені ондағылардың бәрі әкіммен ауыз жаласып, тендер алса болды. Бәрінің астында қымбат Мерседесі бар», - дейді мәжілісмен.  

Сондай-ақ Паяев Елбасының жіберген қателігін де жасырмады. Десе де, 30 жылда ел үшін жасаған жақсылығын да атап өтті. 

Елбасы атын Конституциядан алып тастап жатырмыз. Қанша дегенмен ол - біздің Тұңғыш Президентіміз. Жасаған еңбегі көп. Әрине, кемшіліктері де шықты. Астананы Алматыдан елордаға көшірген кезде басқа да облыстарды бір-біріне қосты. Неге қосты? Себебі қазақиландыруды көздеді. Енді соны қайта бөліп жатырмыз. Ал кемшілігі, жеке ойым, ол кісі ертерек биліктен кетуі керек еді. Осыдан 5-10 жыл бұрын. Қазір «ел ағасы» болып отырар еді. 2019 жылы Тоқаевқа сенім білдіріп, жанұясын жинап, құрылтай өткізіп: «Міне, бәріміз Президентті қолдаймыз. Ештеңеге араласпаймыз. Мемлекеттің дамуына ат салысамыз. Ақшаны ел дамуына салайық», - деу керек еді. Сонда бұлай болмас еді, бәлкім. Бірақ біреудің кемшілігін айту да өте қиын. Оны тек Құдай ғана біледі, - деді депутат.

«Жеке басына табынып, қазіргі Президентті екінші Елбасына айналдырып алмаймыз ба?» деген сұраққа да мәжілісмен ашық жауап берді.   

«Біз бұл жерде Тоқаевты мақтап жатқан жоқпыз. Ол кісінің жұмысы енді басталып жатыр. Саяси трансформацияны жүргізіп жатыр. Бүкіл халықтық референдум өткізбекші. Өте дұрыс. Жұмысының бағасы да беріле жатар. Бұл мақтау емес, жақсының жақсылығын айту», - деді Паяев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама