Halyq Uni логотип
×

Мәжіліс депутаты «Тоғызқұмалақ» атауын өзгертуді ұсынды

Депутат ұсынысын тарихи деректерге сүйеніп айтты

 Дәурен Ерболат 29.05.2024 | 13:52
Мәжіліс депутаты «Тоғызқұмалақ» атауын өзгертуді ұсынды
Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алдында қазақтың ұлттық ойыны «Тоғызқұмалақ» атауын өзгертуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Гүлдара Нұрымова депутаттық сауалын вице-премьер Тамара Дүйсеноваға (V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы – ред.) жолдады.

«Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде өткізуді тапсырды. Сондықтан аса маңызды бір мәселе туралы айтқым келеді. Тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны – түркі халықтарының ортақ игілігі, тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші, ортақ жәдігері. Соңғы жылдары бұл ойын дамудың барынша жоғары сатысына көтерілгенімен, әлемдік деңгейде толықтай орнығуын тежейтін кедергілер бар. Соның бірі – атауы», - деді Гүлдара Нұрымова.

Депутаттың айтуынша, бұл ойынды негізінен Қазақ және Қырғыз халқы ойнайды. Бүгінде оның негізгі екі атауы бар.

Қазақша – тоғызқұмалақ, қырғызша – тоғызкөргөл, түрікше – мангала немесе гечюрме. Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде, ойынның атын «тоғызқұмалақ» десе, қырғыз тарапы «тоғызкөргөл» дейді. Осылайша, түркі халықтарының бір ойыны әлемдік аренада екі түрлі аталады, - деді депутат.

Осыған байланысты Гүлдара Нұрымова тоғызқұмалақ атауын өзгерту керек деп санайды.

«Ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл ойынның жалпытүркілік атауы бар – тоғызат. Бұл туралы XIX ғасырда этнограф Григорий Загряжский еңбегінде ойынның атауын «тоғызат» деп жазған. Осылайша, тоғызқұмалақтың бұрынғы атауы «Тоғызат» екенін білдіретін Қарақалпақ және Қырғыз елдеріндегі ойындардың атауынан кездестіруге болады. Осы деректі ескеріп, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталғанға дейін жалпы түркіге ортақ зияткерлік спорт атауын «Тоғызат» ортақ нұсқамен қалыптастыру шараларын қолға алуды ұсынамыз. Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы, Ұлттық спорт қауымдастығы, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының қатысуымен біріккен шешім қабылдағаны дұрыс болады», - деді ол.

Айта кететін жайт, 2023 жылы Тоғызқұмалақ күнінде (9 қыркүйек) Алматыда 2028 мектеп оқушысы бір мезетте тоғызқұмалақ ойнап, Қазақстанның рекордтар кітабына енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама