«6 айда тапсырмаларды орындамаса, Үкімет отставкаға кетуі керек» – депутат

Қымбат Елтайқызы

Айбек Паяев Үкімет жұмысы жайлы пікір білдірді

фото: Halyq Uni

Үкімет мойнына жүктелген тапсырмаларды орындай алмаса премьер-министр Әлихан Смайылов отставкаға кетуі қажет. Мәжіліс депутаты Айбек Паяев «Сұрауы бар» арнасына сұхбат беріп, осындай мәлімдеме жасады. 

«Президент әкімдерге де, Үкіметке де бір мүмкіндік берді. Бүгінгі санкцияны (ред. Ресейге қатысты) пайдаланып байысақ болады. Инвестиция кіргізу керек. Әлихан Асханұлы көп дүниені Маминнің орынбасары болып жүрген кезінде шешуі қажет еді. Бірақ шешпеді. Неге екенін білмеймін. Енді алты ай қорытындысы бойынша нақты есебі тыңдалған соң бір шара қолдану керек. Егер берген тапсырманы орындамаса, онда Үкімет толығымен отставкаға кеткені дұрыс», - деді мәжілісмен

Сондай-ақ Паяевтің айтуынша, кезінде экономикалық донор болған 8 облыстың 4-уі қазір дотация алатын аймаққа айналған. Бұған депутат облыс әкімдерін айыптайды.

Бұндай шара қолданса, әкімдерден бастап, министрлер жатпай-тұрмай жұмыс істейтін болады. Бізде солай ғой. Кетесің десең, жұмыс істейді. Әйтпесе, өңірдегі әкімдер өздерімен-өздері, білгенін істеп жүр. Мәселен, БҚО әкіміне де мүмкіндік берілді. Транзиттік потенцалы жоғары болса да, онда жол жағдайы өте нашар. БҚО мен Ақтөбе 5-ші донор болатын облыстар ғой. Міне, Үкімет осыны реттеп, тез арада жұмыс істеуі қажет, - дейді Айбек Паяев.

Мәжілісмен осы тұста қант тапшылығы жайлы атап өтті. Өйткен бұл мәселені реттеуді шенеуніктер бір-біріне сілтеп қана қарап отыр.

«Әкімнен: «Қанттың мәселесі не болды?» деп сұрадым. «Оны ауыл шаруашылығы министрлігі шешеді», - деп жауап берді. Ал олар: «Әкімдер жұмыс істемей жатыр», - дейді. Мен айтамын: «Әй, сендерде футбол қашан бітеді?», - деді Паяев.

Бұған дейін депутат «Назарбаев биліктен кемі 10 жыл бұрын кетуі керек еді» деген болатын.