Ол Азиаданың күміс жүлдегері болып Олимпиада лицензиясын алды
Бокстан әйелдер құрамасы сапында Карина Ибрагимова әзірше биылғы Олимпиялық ойындарына жалғыз жолдаманы иеленіп отыр. Ол Париж Олимпиадасының жолдамасын былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алды.
57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін отандасымыз жарыстың финалында тайбэйлік Ютин Линмен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді. Сөйтіп, Карина Ибрагимова Азиада қорытындысы бойынша күміс жүлдені алып, Олимпиада лицензиясына ие болды.
Енді 23 мамыр мен 5 маусым айының басы аралығында Таиландтың Бангкок қаласында тағы ьір әлемдік лицензиялық турнир болады. Қазір еліміздің әйелдер құрамасы осы додаға жан-жақты дайындалып жатыр. Ал Париж Олимпиадасының басталуына санаулы айлар ғана қалды. Осы ретте Қазақстан боксшыларына ұлттық құраманың қоржынын мейілінше көп жолдамамен толықтыру міндеті қойылып отыр.
Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – бокстан әйелдер құрамасының өкілі Карина Ибрагимованың айтуынша, оның Азия ойындарындағы басты мақсаты – лицензияны жеңіп алу болды. Сөйтіп, ол мақсатына жетті.
Карина спортпен 2012 жылдан бері айналысады. Ол спортқа кездейсоқ келген екен. Ибрагимовтер әулетінің досы бокстан жаттықтырушы болыпты. Каринаның әкесі де бокстың үлкен жанкүйері еді. Сөйтіп, әкесі мен досы Каринаны алты ай бойы бокспен шұғылдануға үгіттеген. Осылайша, Каринаның алғашқы жаттықтырушысы және тәлімгері әкесінің досы болды.
Мен бар болғаны әкемнің көңілі орнында болу үшін боксқа баруға шешім қабылдадым. Сол кезде біз ауылда тұратынбыз. Бапкерім бокс – олимпиялық спорт екенін айтқан кезде «қайдағы Олимпиада?» деп ойладым. Мен және Олимпиялық ойындар – аспан мен жер сияқты көрінді, – деді боксшы.
Қазір Карина Олимпиадаға жолдаманы алған соң, Париждің төріне керілетін шаршы алаңда еліміздің намысын қолдан бермеуге тырысатынын айтады.
Азия ойындарының тарихында әйелдер боксындағы ең үздік нәтижені Жайна Шекербекова көрсеткен болатын. Ол да күміс жүлдегер атанған. Ал мен жай ғана тарихты жаңартып, Азиадада Қазақстанға көптен күткен алтын медаль әкелгім келді. Енді Олимпиадада бар күш-жігерімзі салып, жүлде алуға тырысамын, – деді ол.
Еске салсақ, 8-10 сәуір аралығында Астанада бокстан спаррингтік жекпе-жектер өтеді. Осы жекпе-жеектерде Таиландта өтетін лицензиялық турнирге қатысатын әйелдер құрамасы анықталады.
Спарринг турнирге мына боксшылар қатысады:
50 келі:
Назым Қызайбай
Алуа Балқыбекова
54 келі:
Анель Сақыш
Жайна Шекербекова
Дина Жоламан
Балауса Мұздыман
Элина Базарова
Ұлжан Сәрсенбек
Сымбат Әлиасқар
66 келі:
Жасмин Қизатова
Лаура Есенкелді
Наталья Богданова
Дариға Шәкімова
Милана Сафронова
75 келі:
Гүлсая Ержан
Валентина Хальзова
Жібек Жарасқызы.