×

Интернет жылдамдығы жөнінен Токионы Астана емес, Алматы басып озды

Рейтингтің соңғы, 178-орнын Кубаның астанасы Гавана алады

 Еркеғали Болатұлы 18.03.2024 | 17:28
фото: Halyq Uni

Әлемдегі ең жылдам мобильді интернеті бар қалалар мен елдер аталды.

Speedtest Global Index бойынша, Астана 5 позицияны жоғалтып, әлемдік рейтингте 88-орында тұр. Ақпан айында елордамызда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 45,18 мегабит болды. Ал секундына 55,9 мегабит жылдамдықпен Токио 76-орынды сақтап қалды.

Алматы рейтингте бір сатыға төмендегенмен, ол әлі де Жапония астанасынан жоғары – секундына 59,86 мегабит жылдамдығымен 73-орында тұр.

Үздік 3 әлемдік рейтингке мыналар кіреді:

  • Ар-Райян (Катар) – 417,17 Мбит/с;
  • Дубай (БАӘ) – 336,57 Мбит/с;
  • Абу-Даби (БАӘ) – 296,03 Мбит/с.

Рейтингтің соңғы, 178-орнын Кубаның астанасы Гавана алады. Онда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 4,6 мегабитті қамтыды.

Жалпы Қазақстан бойынша мобильді интернеттің орташа жылдамдығы –секундына 35,71 мегабит. Бұл біздің елімізге Speedtest жаһандық индексінде (-1 позиция) 71-орынға шығуға мүмкіндік берді. Үздік үштікке Катар (286,42 Мбит/с), БАӘ (284,21 Мбит/с) және Оңтүстік Корея (173,95 Мбит/с) кірсе, Шығыс Тимор 3,34 Мбит/с рейтингімен (155) соңғы орында тұр.

Былтыр «Астанадағы интернет жылдамдығы тіпті Токионы басып озды» деген сөзінен кейін сынға ұшыраған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазір елде байланыс сапасына қатысты проблемалар бар екенін мойындап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама