Ғылым және жоғары білім министрі салада проблема барын мойындады
Алматыдағы Сеймология институтындағы ғылыми қызметкерлер бейшараның күйін кешіп жүр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат өзекті мәселені көтерді.
«Дүйсенбіде Алматыда үлкен жер сілкінісі болды. Кеше мен Алматыдағы Сеймология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездестім. Осында сіз оларға Үкіметтен қолдау көрсетіліп жатыр дедіңіз. Іс жүзінде сеймология институтындағы ғылыми қызметкерлер бейшараның күнін көріп отыр. Олардың ешқандай ғылыми жобалары қабылданбаған. Ғылыми жобаны министрлікке жіберсе, оны қайтарып жіберіп жатыр. Бүкіл қаржыландыруды қыстартып тастаған. Олар айлығын да ала алмай жүр. Сондай-ақ сейсмостанциялар қаңылтыр темірге айналған. Оны музейге де қабылдамайды. Қазір сейсмикалық қауіпсіздік дәрежесі осындай», - деді Бақытжан Базарбек.
Бақытжан Базарбек Ғылым және жоғары білім министріне сұрақ қойды:
«Қазір Сеймология институты Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамына өтті. Сейсмолог ғалымдардың пікірінше, бұл қате. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек. Бұл мәсеге қатысты пікіріңіз қандай?»
Саясат Нұрбек салада мұндай өзекті мәселе барын мойындады.
«Бүгінде Сейсмология институты Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретінде. Өкінішке қарай, мұны айту дұрыс емес. Алайда онда толық қаржыландыру жоқ. Біз де олардың ішкі процедураларын қолдауға мүмкіндігіміз жоқ. Қайтарылса, біз қарсы болмаймыз. Бірақ биыл сейсмология институтына 3,5 млрд теңге грант бекітілді. Қазір олардың бүкіл өтінішін пысықтап, Үкімет жанындағы жоғары техникалық комиссияның отырысына шығардық. Мен институттың (министрлікке) берілгені дұрыс болады деген пікірдемін», - деді министр.
Бұған дейін Алматыдағы Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы жер қыртысының флюидті режимі зертханасының меңгерушісі Елизавета Есенжігітова Halyq Uni тілшісіне салада кадр тапшылығы барын, елімізде сейсмолог мамандығына көңіл бөлінбегенін айтқан еді. Маман 2024 жылдан бастап бакалавриат деңгейінде сеймолог мамандығы ашылатынын айтты. Ал орталықта жұмыс істейтіндердің дені – геофизик және геологтар.