Егер адамның жұмысы тікелей кәсіпкерлікпен байланысты болмаса, онда ешқандай мәселе туындамайды
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев елімізде 400-ден астам блогердің 200 млн теңге салық төлегенін айтты. Сұхбатты primeminister.kz жариялады.
Қазірдің өзінде елімізде 400-ден аса блогер тіркелген. Олар былтыр 200 млн-нан аса теңге салық төледі. Егер блогердің қызметі кәсіпкерлікпен байланысты болса, әрине олар салық төлеуге тиіс. Оған арнайы 1 пайыздан 4 пайызға дейінгі салық режимі бар. Ал егер олардың жұмысы тікелей кәсіпкерлікпен байланысты болмаса, онда ешқандай мәселе туындамайды. Блогер салық төлемейді, – деді ол.
Жақында Қаржы министрлігі блогерлердің қандай жағдайда салықтан босатылатынын хабарлаған болатын. Ведомство басшысының орынбасары Ержан Біржанов тек блогерлер ғана емес, басқа да азаматтардың қайырымдылық акция ұйымдастырып, халықтан банк картасына ақша аудартқаны үшін салық органдарына жауап беретінін айтты.
Мысалы, блогер немесе басқа азамат баланың еміне ақша жинап, мобильді аударым 100-ден асса, бізге ақша аударылымдары туралы мәлімет түседі. Сонда біз ол азаматқа арнайы хабарлама жібереміз. Азамат немесе блогер «Иә, мен қаңтар, ақпан, наурызда осындай ақша жинаған едім. Кәсіпкерлік мақсатта емес, ақшаны осы бағытта жұмсадым. Жіберілген ақшаның реквизиті бар» деп өзіне аударылған ақшаның қандай мақсатта жұмсалғанын түсіндіріп беруге тиіс. Мұндай жағдайда оған мәселе туындамайды, салық міндеті қойылмайды.
Ақша жинайтын адам оны не үшін жинап жатқанын нақты білуге тиіс. Егер кәсіпкерлік немесе жарнама болса, салық міндеттемесі болады. Қайырымдылыққа жиналса, адам ешқандай жауапкершілікке тартылмайды, салық төлемдері пайда болмайды», – деді Ержан Біржанов.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда кәсіпкерліктің 364 түріне арнайы салық салынатын болды.
Енді бөлшек салықтың арнайы салық режимі кәсіпкерліктің 364 қызмет түріне таралады. Осыдан бірнеше уақыт бұрын тізбеде тек 190 қызмет түрі болған.