Ресеймен келіссөз майдандағы жағдайға байланысты болады, - деді ол
Украина президенті Владимир Зеленский БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында сұрақтардың көбі соғысқа қатысты қойылды. Оларға Зеленский мүдірмей, көзбе-көз, жүзбе-жүз жауап беріп отырды. Өйткені оның журналистермен биылғы баспасөз мәслихаты онлайн режимінде болған жоқ.
Зеленский мен жиынның модераторы кішігірім сахнаға шығып, сұрақтарға жауап берді.
Кездесуде әуелі «Соғысқа қыздар мен келіншектер, әйелдер шақырала ма?» деген сұраққа мемлекет басшысы:
Жоқ, шақырылмайды. Нәзік жандар мүлде соғысқа араласпайды. Бұл олардың шаруасы емес. Қазір Бас штаб пен Қарулы күштердің бас қолбасшысы соғысқа 500 мың адам жетіспейді деп айтып жатыр. Мобилизация болғанда неше адамның майданға баратынын көреміз. Жастарды соғысқа физикалық және психологиялық дайындығына байланысты аламыз. Негізі 25 жасқа дейінгі жігіттер соғысқа баруы мүмкін, – деді ол.
Баспасөз мәслихатында АҚШ-тың Украинаға көмегі туралы сұрақ та қойылды. Зеленский егер Құрама Штаттардан дер кезінде көмек келмесе, топтағы сарбаздардың жағдайы қиын болатынын жеткізді.
Оның айтуынша, қазір АҚШ-тың көмегі саябырсып қалған. Украинаға дәл қазір көмек керек. Егер көмек болмаса, онда соғыстағы жағдай мүлде өзгеріп шыға келеді. Ал Трамп АҚШ президенті болса, Украинаның жағдайы мүлде қиындап кетеді. Өйткені Дональд Трамп – соғыс басталған кезден бері ақшалай да, қару-жарақпен де көмектесуге қарсы шығып келе жатқан адамның бірі.
Кездесуде тағы бір тілші соғыстың қашан бітетінін сұрады. Зеленский нақты қашан аяқталатынын айта алмайтынын, оны ешкімнің де білмейтінін алға тартты.
Путин соғыса бергісі келеді. Ол біздің тағы бірнеше облысымызды басып алғысы келіп отыр. Жақында ғана Одессаны орыстың қаласы деді. Басқа да жерлерімізге көз алартып отыр. Ал келіссөз туралы мүлде әңгіме болып жатқан жоқ. Біз Ресеймен келіссөзге отырсақ, Украинаның 1991 жылға дейінгі шекарасын қалпына келтіруді ғана ұсынамыз. Басқаша әңгіме бола алмайды. Ресеймен келіссөз бола ма, болмай ма, ол биылғы жылдың соңында ғана білінеді. Қазір майдандағы жағдай оңай емес. Қиын. Жақында өздеріңізге хабарланғандай, майданға 26 мың дрон жетпеген. Енді біз келесі жылы миллион дрон шығаруды жоспарлап отырмыз. Соғыста соларды пайдаланамыз, – деді Зеленский.
Сонымен бірге ол соғыста Батыс елдерінен көмектің аз келіп жатқанын, Газа секторындағы қарулы қақтығыс бүкіл әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартып жібергенін, Украинадағы соғыс екінші планда қалғанын атап өтті. Осы ретте ол Израиль мен Палестинаның қақтығысына, соғыстың басталуына Ресейді кінәлады.
Таяу шығыстағы соғыстың артында Ресей тұр. Ресей осы соғыста жетістікке жетті. Олар дүниежүзінің назарын Газа секторына аудартып жіберді, – деді ол.
Осыдан кейін Зеленский Украинаның дәл қазір НАТО-ға мүше бола алмайтынын, Еуропа одағының өзіне мүше болу мәселесі де таяу арада шешілмейтінін жасырмады. Оның айтуынша, қазір Украинаның соғыста жеңіп шығуы – елдің басты мақсаты, арманы. Осы мақсатта Украина болашақта әуе қорғаныс жүйесін күшейтуі керек. Қазір Patriot пен NASAMS әуе қорғаныс жүйелері әкелініп жатыр. Егер әуе қорғанысы мықты болса, онда соғыс басталған кезде елден кеткен отандастар да қайтып оралар. Сол кезде Украинада көп азаматтық алу мәселесі қаралады.
Жиынның соңында Зеленскийге әлеуметтік желіде көптен бері әңгіме болып жүрген Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныймен қарым-қатынасының нашарлап кеткені туралы сұрақ қойылды.
Тағы да Залужный дейсіз бе? Мен сіздерге тағы да айтамын, екеуміздің арамызды ешқандай қара мысық кесіп өткен жоқ. Бәрі жақсы. Ол да менің майдандағы өкілім. Екеуміз соғыс басталғалы бері иық түйістіріп, жауға қарсы елді бірге жұмылдырып келеміз. Екеуміз қызмет бабымен ғана сөйлесеміз. Ол жұмысын майданда ғана көрсетіп жүр. Мен кім үшін мақтанатынымды, кім үшін сөз естіп жүргенімді бес саусағымдай білемін. Ал әлеуметтік желідегі комментарийлерге келсек, шынын айтайын ба, оны қарауға менің уақытым жоқ, – деді президент.
Осымен баспасөз мәслихаты аяқталды.