Экономика министрі депутаттардың ұсынысына қарсы шықты
Кәсіпкерлерді тексеруге мараторий ұзармауы мүмкін
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров депутаттардың бизнесті тексеруге мораторийді тағы бір жылға ұзарту туралы ұсынысына қатысты жауап берді.
Мен жоқ деп айтар едім. Онсыз да былтыр бір жылға ұзартылды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап реттеу жүйесінің жаңа түрі жүргізілуге тиіс. Тәуекелдерді басқару – бақылаудың автоматтандырылған жүйелері болуы керек. Бұл адамның қатысуынсыз іске асатын болады. Физикалық тексерулерді 2 есе қысқартып, айыппұлдар санын бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді, – деді Әлібек Қуантыров «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде.
Оның айтуынша, жасанды интеллект элементтері бар жүйе әртүрлі тәуекелдерді көрсетеді. Оларды анықтағаннан кейін ғана тексеріс жүргізіледі.
Бұл бақылау көлеміне байланысты. Мысалы, төтенше жағдай болса, онда бұл ұйымда бұрын өрт болды ма немесе өрт қауіпсіздігіне қанша қаражат жұмсады, оның барлығын жасанды интеллект элементтері бар жүйе оқиды, – деп түсіндірді министр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асқар Садықов кәсіпкерлерді тексеруге мараторийді 2024 жылға дейін ұзартуды ұсынған болатын. Сондай-ақ ол орта бизнесті де мораторийге қосып, оларды біраз уақытқа дейін тексеруден босату керек деген еді.