Halyq Uni логотип
×

УЕФА «Тобылды» Еуропа жарыстарына қатыстырмауы мүмкін

Клубтың ішкі асханасындағы жағдай сырт көзге жақсы көрінгенмен, мүлде басқаша, - деді Андрей Канчельскис

 Дастан Жұмабекұлы 29.11.2023 | 15:56
УЕФА «Тобылды» Еуропа жарыстарына қатыстырмауы мүмкін
Фото: fctobol.kz

Қостанайдың «Тобыл» футбол клубында проблема болуы мүмкін. Бұл туралы клубтың экс-директоры Андрей Канчельскис айтты.

Ол жақында клубтың тең төрағасының шешімімен отставкаға жіберілген болатын.

Канчельскис – Ресейдің азаматы. Ол клубтың директоры болып 4 ай жұмыс істеді. Оның клубпен келісімі биылғы жыл соңына дейін есептелген еді. «Тобыл» клубының баспасөз қызметі хабарлағандай, ол 23 қарашада ресми түрде отставкаға кеткен. Осыған байланысты Канчельскис басшылықтың шешімімен келіспейтінін айтып, тағы да мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұрын алаяқтықпен айналысқан Әлімжан Қалдияровқа қатысты жаңа қылмыстық істер қозғалады.

«Тобыл» клубында не болып жатқанын біліп отырған шығарсыздар? Мен клубтағы жағдайды тағы да түсіндіргім келеді. Клубқа жаңа инвесторлардың келуімен түсініксіз жағдай бола бастады. Қазір клубта балалар мен жасөспірімдер футболының қалай насихатталып, командадағы ойыншылардың ұлттық құрамада қалай ойнап жатқанын көріп отырсыздар. Ал клубтың ішкі асханасындағы жағдай сырт көзге жақсы көрінгенмен, мүлде басқаша. Осы жағдай жанкүйерлерді де, мені де алаңдатады, – деді ол.

Осы ретте ол клубтың басшылығына бұрын алаяқтықпен айналысқан адамдар келген. Солар келгеннен кейін командада проблемалар бас қылтита бастаған.

Мен олардың футбол клубына қалай келгенін түсінбеймін. Олар футболдан басқа нәрселермен айналысу үшін келді. Ал біздің мақсатымыз – футболмен айналысу, жасөспірімдер футболын дамыту және басқа да футболға қатысты дүниені дамыту. Қазір клубта жүрген осындай алаяқтармен болашақта «Тобылда» проблема болуы мүмкін екенін айтамын.

Біріншіден, бұл алаяқтарға қатысты ФИФА-дан сұрау түсті. Оған жауап берілді. Міне, жауап хат. Менің ойымша, өте ауыр процестер болады. Осы алаяқтардың кесірінен «Тобылдың» зардап шеккенін қаламас едім. Сондықтан осыны барлығы түсініп, басшы органдар назар аударса деймін. Назарларыңызға көп рахмет! – деді Канчельскис Instagram-дағы парақшасында.

Канчельскистің сөзінен белгілі болғандай, егер «Тобылдың» айналасындағы у-шу әңгіме басылмай, тараптар келісімге келмесе, клуб келесі жылы Еуропа жарыстарына да қатыспауы мүмкін. Оны УЕФА-ның қатыстырмай қоюы ықтимал.

Ол өткен аптада қызметтен еріксіз кетуіне байланысты ФИФА мен УЕФА-ға арыз жазатынын айтқан болатын.

29 қарашада жұмысқа келгенде дұрыстап сөйлесеміз. Егер жағдай басқаша болса, онда мен ФИФА мен УЕФА-ға арыз жазамын. Сонда кімнің кім екенін көреміз, – деді ол.

Ал бүгін – 29 қараша.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама