Halyq Uni логотип
×

Бұлай болмауы керек еді... - Серік Абдрахманов «Төрт ағайындының» бірі туралы

Мен екі Еркінді білдім. Бірінші Еркін менің жүрегімде «Желтоқсан қаһарманы» болып қалды, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 29.11.2023 | 00:06
Бұлай болмауы керек еді... - Серік Абдрахманов «Төрт ағайындының» бірі туралы
Фото: qazaquni.kz

Қоғам қайраткері Серік Абдрахманов жақында фәниден бақиға аттанған «Төрт ағайындының» бірі Еркін Ізбасардың қазасына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына және басқа да жақындарына көңіл айтты. Серік Абдрахманұлы Еркін Ізбасардың фәнидегі жақсы жағын еске алды. Ол марқұмды Желтоқсанның қаһарманына теңеп, оны ұлт намысын қорғаған азамат деп атады.

80-жылдардың ортасында Еркін Ізбасар Алматы зооветеринарлық институтының студенті бола жүріп, бірге тұратын құрбыларының қалауымен өз жатақханаларының коменданты болып сайланған еді. Еркін күрес шебері, оқу үздігі, құрдастарының алдындағы беделі мен бойына дарыған ұйымдастыру қабілетінің арқасында тұрғынжайларда тәртіп пен тазалықты сақтады. Бұл сол кездегі студенттер арасында өзін-өзі басқару (самоуправление) тәжірибесінің үздік үлгісі болды. Мен Қазақстан комсомолының жетекшісі ретінде бұл туралы үлкен мінберлерден айтып, насихаттап жүрдім. Озық бастама көп жерлерде қолдау тапты, – деді ол.

Одан әрі Серік Абдрахманұлы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында Еркін Ізбасармен кездескен кезін айтты.

18 желтоқсанда мен түс уақытынан бастап Брежнев алаңында ереуілшілер арасында болып, әскерилердің шеруді күшпен тарқатып, бейбітшіл жастарға көрсеткен қатыгездіктеріне әріптестеріммен бірге қарсы тұрып, жағаласуға дейін бардық. Жарым түнде ғана кеңсемізге қайттық. Екі күн бойы болған астан-кестеңді қорытындылауға кірістік. Жан-жақтан мәліметтер түсіп жатты...

Бір кезде мақтаулы зоовет институтының жатақханасынан «Студенттер тәртіп орнатуға келген әскерилерді таяққа жығыпты» деген хабар келді. Сол жерге мен таңертең бардым. Ленин бөлмесіне жастар, мұғалімдер, оқу орнының басшылары жиналыпты. Еркін бізді қарсы алды. Одан бірден «Неге солдаттарға тиістіңдер?» деп сұрадым. Ол болған жағдайды баяндады. Шекарашылар училищесінің курсанттары жатақхананың есігін бұзып кірген де, себепсіз жатақхана тұрғындарына қоқан-лоққы көрсетіп, қыздарға шүйлігіп, ұлттың намысына тиетін жаман сөздер айтып, қол да жұмсапты... Сол арада шекарашыларға қаным қайнап тұрып, Еркіннен: «Сендер не істедіңдер?» деп сұраппын. Еркін сәл кідіріп: «Аға, сыбағасын бердік... Екінші рет бізге келмейтіндей қылдық», – деді. Ал мен аузымнан қалай шыққанын білмей, көпшіліктің көзінше «Сауап қылыпсыңдар! Кімнің нанын жеп жүргендерін білсін!» деппін, – деді ол.

С. Абдрахмановтың айтуынша, бұл әңгімені оған 7-8 жыл бұрын Талдықорғанға Зылиха Тамшыбаева атындағы дәстүрлі турнирге ақтөбелік еркін күрес балуандарын ертіп келген Еркін Ізбасардың өзі есіне салған.

Сол кезде онымен біраз әңгімелестік. Қоштасарда қол алысып: «Інім, дұрыс жолға түстің бе?» деп темір арбада отырған Еркіннен сұрадым. «Серік аға, айыбымды артығымен өтедім. Бұзықтық жастық кезде қалды ғой...» деді. Амандық тілеп қоштастым. Мен екі Еркінді білдім. Бірінші Еркін менің жүрегімде «Желтоқсан қаһарманы» болып қалды. «Төрт ағайынның» бірі Еркін Ізбасар дегенді бірінші рет естіп таңқалдым да өкіндім... Бұлай болмауы керек еді... Өкінішті. Өкінішті, – деді Серік Абдрахманұлы.

Ол марқұмның әулетіне, бала-шағасына, жақын-жуықтарына көңіл айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама