50 мың шақырымды көлікпен жүріп өткен министр жол сапасы туралы айтты
Енді ол айналма жолдардың сапасын тексермек
Көлік министрі Марат Қарабаев 50 мың шақырым жолды көлікпен жүріп өткенін айтып, алған әсерімен бөлісті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазір 95 мың шақырым жол бар.
Мен шамамен 50 мың шақырым жолды жүріп өттім. Бұл – Алматыдан Астанаға дейін, Алматыдан Талдықорғанға дейін, Талдықорғаннан Өскеменге дейін. Содан кейін Ақтөбеден Қандыағаш, Махатқа дейін бардық. Бұдан әрі Атыраудан Астраханьға дейін болдық. Сондай-ақ елімізде құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатқан барлық жолда болдым. Бұл – БҚО, Өнеге, Есенсай жолдары. Сонымен қатар Жезқазғаннан Қызылордаға, Қызылордан Түркістанға, Шымкентке, Таразға, Алматыға және тағы Өскеменге бардық. Алдағы аптада Ұлытау облысына баруды жоспарлап отырмыз. Онда да құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр, - деді Марат Қарабаев Үкіметтегі баспасөз орталығында.
Министр жұмыс сапарынан алған әсерімен бөлісіп, еліміздегі жолдардың сапасы қандай деңгейде екеніне тоқталды.
«Биыл негізгі проблемалық учаскелер іске қосылды. Яғни Талдықорған – Өскемен, Алматы – Қарағанды, Атырау – Астрахань жолдары. Мұндағы негізгі учаскелер пайдалануға берілді, яғни осы жолдарда көлік қозғалысы үшін рұқсат етілген асфальттың төменгі қабаты салынған. Енді елді мекендерді айналып өтетін жолдарды аралау қалды», - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін министр 4 жылдан бері салынып жатқан жол учаскесіне барған еді.