×

Көлік министрі 4 жылдан бері салынып жатқан жол учаскесіне барды

Жұмыс қарқынын төмендетпеу маңызды

 Дәурен Ерболат 23.10.2023 | 15:57
Фото: gov.kz

Көлік министрі Марат Қарабаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Ведомство басшысы «Атырау – РФ шекарасы (Астрахань)» автожолының учаскелеріндегі қайта жаңарту жұмыстарын бағамдап қайтты. Ол құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 3 учаскеге барып, бірнеше жиналыс өткізді. Исатай ауылындағы базада министрге «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының, «Ақжол құрылыс», «Тодини», «СМС» ЖШС мердігер ұйымдарының өкілдері есеп берді.

«Атырау – РФ шекарасы (Астрахань)» автожолы «Астрахань – Атырау – Ақтау – Түрікменстан шекарасы» халықаралық дәлізінің бөлігі болып саналады.

«Атырау-Астрахань» жобасы бойынша жұмыс 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Учаскенің жалпы ұзындығы – 277 шақырым. Осылайша, 2020 жылы №5 учаске (833-853 шақырым) пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін ұзындығы 40 шақырым №6 (853-893 шақырым) учаскені тапсыру жоспарланып отыр. 217 шақырым жол (616-833 шақырым) ЕҚДБ қарызы есебінен қайта жаңартылып жатыр. Бүгінде 217 шақырымнан 167 шақырымға дейінгі жабынның төменгі қабаты пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін бүкіл учаске пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр. Жобаның толық аяқталуы 2024 жылға жоспарланған, - деп жазылған хабарламада.

Мердігерлермен өткен жиналыс барысында Көлік министрі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған жол учаскелерін қайта жаңарту жобасына ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты Марат Қарабаев тасжолды пайдалануға берудің жоспарланған мерзіміне жету үшін құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама