×

Негізсіз анықтама сұрайтын мектептер мен жұмыс берушілерді жауапқа тарту ұсынылды

Мемлекеттік органдар деректерді базаға дұрыс толтыруға тиіс

 Дәурен Ерболат 21.11.2023 | 11:51
фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин негізгіз анықтама сұрайтын мектептер мен жұмыс берушілерді жауапқа тартуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрлік өздерінің Big data мүмкіндігін қолданып жатқанын атап өтті.

Бүгінде 6,3 млн отбасының деректері цифрланды. Сол арқылы адамдардың қай қызметті ең көп сұрайтынын білдік. Ол – әлеуметтік маңызды 18 қызмет: көпбалалы отбасына, мүгедектігі бар адамға, асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мен төлемақылар. Бұл қызметтер проактивті көрсетіледі. Ол – 800 мыңдай қызмет, - деді Бағдат Мусин Үкімет отырысында.

Осы орайда ол премьер-министрден көмек сұрады. 

«Бірақ салада үлкен проблема бар. Ол – базалардағы қателер. Әлихан Асханұлы, әр органға тапсырсақ, өзіне жүктелген базадағы деректерді тексеріп, шындыққа сай келтірсе», - деді ол.

Сондай-ақ Бағдат Мусин Big data-ның тағы бір мүмкіндігіне тоқталып, негізсіз анықтама сұрайтындарды жауапқа тартуды ұсынды.

Жыл сайын бір жерден екінші жерге 50 млн анықтама тапсыру қажет болатын. Соны цифрлық форматқа көшірдік. Бірақ анықтаманы негізсіз талап ету әлі де болып жатыр. Көбінесе, оны мектеп пен жұмыс берушілер сұрайды. 

Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, келесі жылы уәкілетті екі министрлікпен бұл проблеманы толық шешеміз деп отырмыз. Анықтаманы заңсыз талап еткені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді сұраймыз», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама