×

Анджелина Джоли Газа секторындағы қырғынды айыптады

Қаза тапқандардың 40 пайызы – бейкүнә балалар, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 02.11.2023 | 15:56
Фото: instagram.com/angelinajolie/

АҚШ әртісі, БҰҰ-ның ізгі ниет елшісі Анджелина Джоли Израиль әскерінің Газа секторындағы бейбіт халықты нысанаға алып, бомбалап жатқанын айыптады. Сондай-ақ, ол дүниежүзі державаларының Газа секторындағы қырғынға көз жұма қарап отырғанына наразылық білдірді.

Бұл туралы ол Instagram-ға жазба жариялады.

Бұл барар жері, басар тауы жоқ, қамалған халықты әдейі бомбалау деп білемін. Газа 20 жылға жуық ашық аспан астындағы түрмеге айналды. Енді міне, жаппай мазарға айналып жатыр. Қаза тапқандардың 40 пайызы – бейкүнә балалар. Көптеген елдің Израильді қолдауының кесірінен миллиондаған палестиналық бейбіт тұрғын, оның ішінде балалар мен әйелдер халықаралық құқыққа қайшы түрде азық-түлік, дәрі-дәрмек пен барлық гуманитарлық көмектен айырылып, ұжымдық түрде жазаланып жатыр. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің оқ атуды тоқтату талабына бөгет жасау арқылы әлем көшбасшылары бұл қылмысқа ортақтасып отыр, – деді ол.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Израиль Газа секторының солтүстік бөлігінде орналасқан Джабалия босқындар лагеріне бомба тастаған болатын. Соның кесірінен Газаның солтүстік бөлігінде жүздеген адам баспанасыз қалған.

Газа ІІМ баспасөз хатшысы Ияд Әл-Базумның айтуынша, 400-ге жуық адам қаза тапқан. Бомба Джабалия лагеріндегі 15 үйді қиратқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама