×

Тимур Сүлейменов: Инфляцияны жеңу – Ұлттық банктің ғана емес, барлық экономикалық биліктің алдында тұрған міндет

Қазір инфляция – 11,8%, базалық мөлшерлеме –16%

 Халық үні 31.10.2023 | 17:22
Фото: Ұлттық банктің баспасөз қызметі

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің пікірінше, жоғары инфляция, ең алдымен, ақшаны базалық қажеттіліктерге жұмсауға мәжбүр болған халықтың әлеуметтік жағынан осал санатына салмақ түсіріп отыр. Бұл туралы ол Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында айтты.

Тимур Сүлейменов инфляция жоғары болғанда, экономикадағы ақша айналымын бәсеңдету үшін, ол белгілі бір нарыққа тез қысым жасамауы үшін және кей салада баға шоктары болмауы үшін салыстырмалы жоғары базалық мөлшерлеме қажет екенін айтты.

Бізде қазір инфляция әлі де жоғары: 11,8%, Базалық мөлшерлеме –16%. Енді, нақты базалық мөлшерлеме бар екенін түсіну қажет. Бұл – өте қарапайым есеп. 16% деп номиналды базалық мөлшерлемені аламыз, одан инфляцияны алып тастаймыз. Инфляцияны шегергенде, біздің нақты базалық мөлшерлеме -4,2% деген сөз, - деді Сүлейменов.

Орталық банк басшының айтуынша, Қазақстан экономикасында қарқынды өсім байқалады. Бірақ әлі де жоғары деңгейде тұрған инфляция барлық тарапқа кері әсер етіп, ең алдымен орта тап пен тұрмысы төмен азаматтарға салмақ түсіріп отыр.

«Кенет 10%-ға өсіп кеткен инфляция табысының 10% пайызын «жеп қояды». Баспанасына қор жинап, балаларын оқытудың орнына, ақшасын тамақ пен үй жалдауға жұмсауға мәжбүр болады. Яғни, бар тапқаны күнкөрісіне кетеді. Сол себепті инфляцияны «қара халыққа түсетін салық» деп те атайды. Сондықтан бұл – экономикадағы ең қауіпті құбылыс. Инфляцияны ауыздықтау, яғни оны 5%-дық деңгейде тежеу және бекіту қазіргі басты міндет екеніне сенімдіміз», – деді Тимур Сүлейменов.

Ол сондай-ақ соңғы уақытта халықтың базалық мөлшерлеме деңгейіне деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, осы тақырыптағы сарапшылар қауымдастығындағы пікірталастар орталық банкке дұрыс шешімдер қабылдауға көмектеседі.

Қоғамның ойталқысы да – қуантарлық жайт, өйткені олар халықтың қаржылық сауатын көтереді және белгілі бір экономикалық көрсеткіштерге, ұғымдарға деген қызығушылығын арттырады. Кейінгі кезде қызығушылық танытатындардың көбейгеніне ризамыз, - деді ол.

Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлеменің мәніне де тоқталып өтті.

«Бірінші деңгейлі банк болғандықтан, Ұлттық банк кредит беріліп, депозит жинақталатын пайызды белгілейді. Бұл не үшін қажет? Бұл ақша массасын бақылап отыру үшін қажет. Егер ақша массасы тым көп болса, немесе айналым аса жоғары болса, экономика «қызып кетеді» және кей нарықта «көпіршік» пайда болады», - деді орталық банк басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама