Мен «чемпионмын» дегеннің бәрін нокаутқа жіберемін – Жәнібек Әлімханұлы

Дастан Жұмабекұлы

Боксшы WBC мен WBA атағын алуға барын салатынын айтты

Фото: Жәнібек Әлімханұлының Facebook-тегі парақшасынан алынды

Жақында АҚШ-тың Розенберг қаласында германиялық Винченцо Гуальтьеримен жекпе-жекте IBF чемпионы атағын жеңіп алған боксшы Жәнібек Әлімханұлы енді шаршы алаңға WBC мен WBA белбеулері үшін шығатынын мәлімдеді.

Қазір қазақ боксшысында осы жеңістен кейін Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) мен Халықаралық бокс федерациясының (IBF) чемпионы деген атақ бар. Енді ол Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) мен Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) үздік боксшысы атанғысы келетінін айтты.

Мен төрт белбеуді алмай тыныш отырмаймын. Маған тағы екі белбеу керек. Бұйыртса, WBC мен WBA атағын алуға барымды саламын. Қазіргі екі белбеуімді сақтап қалу үшін жекпе-жек өткізгім келмейді. Маған басқа да титулдар керек. Мен «чемпионмын» дегеннің бәрін нокаутқа жіберемін, – деді ол.

Сонымен бірге боксшы өзіне қолдау көрсетіп келе жатқан барша отандасымызға, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан бокс федерациясының президенті, меценат Кеңес Рақышевке алғыс айтты.

Жеңісіммен құттықтап, қолдауын білдіріп жатқан еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтамын.  Ел президентінен құттықтау қабылдау – мен үшін үлкен мәртебе. Бұйыртса, тарихи жекпе-жекке де аз қалды! Тарих жасауға дайынбыз! Қазақ стилінің тарихта қалуына қолдауын көрсетіп жатқан Кеңес Рақышев ағама ерекше алғыс айтқым келеді. Алаңсыз жаттығып, дайындықты жоғары деңгейде өткіздік. Жекпе-жек алдында да хабарласып, сәттілік тілеп, сенімге қосып жатыр. Жеңісті күнде жолығайық, Қазақ елі! Қолдауларыңызға көп рахмет! – деді ол.

Бұған дейін қазақ боксшысы 15 рет рингке шығып, бәрінде жеңген. 10 жекпе-жекте қарсыласын нокаутқа түсірген. Соңғы айқаста Жәнібек Әлімханұлы Винченцо Гуальтьериді техникалық нокаутпен жеңді.