×

Қазақстанға қаратып жағымсыз пікір айтқан ресейліктер елге кіре алмайды – СІМ

Қазақстан туралы орынсыз мәлімдеме жасағандардың тізімі бар

 Дәурен Ерболат 02.10.2023 | 17:18
Айбек Смадияров, фото: Halyq Uni

Қазақстанға қаратып жағымсыз пікір білдіргендердің тізімі бар. Олар елімізге кіре алмайды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында журналист «Жақында ресейлік танымал дәрігер, эндокринолог Илья Магеря әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып: «...Ресей Қазақстанмен соғысуы мүмкін» деп айтқан еді. Сыртқы істер министрлігі бұл видеоны көрді ме?» деп сұрақ қойды.

Айбек Смадияров ресейлік дәрігерге сәлем жолдап, орынсыз мәлімдеме жасамауға шақырды.

Ол адамдарды емдесін, өз жұмысымен айналыссын. Орынсыз сөйлеудің қажеті жоқ. Біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз жақсы, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз, стратегиялық әріптес ретінде жұмыс істеудеміз, - деді ол.

Журналист «Украинадағы соғыс басталғалы бері СІМ Қазақстанға қарсы жағымсыз пікір айтқан адамдардың реестрін жасады ма?» деп сұрағын нақтылады. Ресми өкіл мұндай тізім барын ашық айтты.

Әрине, біз бұл тізімді жүргіземіз, бірақ оны ашық жарияламаймыз. Бұл жұмыс барысында туындайтын мәселе. (Тізімге енген адамға – авт.) шекара жабылып, ол кіре алмайды, - деді Айбек Смадияров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама