«Қазақша ұрып-соғу болды»: өзбек жанкүйерлері Шымбергеновтың жеңісін мойындамай жатыр
Алайда Асланбектің мықтылығын мойындап жатқандары да бар
Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов Қытайда өтіп жатқан Азия ойындарында 71 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық әлем чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевпен жұдырықтасқан еді.
Асланбек Шымбергенов өзбек боксшысын 3-раундта үш рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын. Алайда өзбек жанкүйерлері әлеуметтік желілерде төрешілердің бұл шешімімен келіспейтіндерін жазып жатыр.
«Әділетсіздік, екі раунд бойы қазақша ұрып-соғу болды. Жасанды нокдаун ұйымдастырылды. Екінші нокдаун жасанды, өкінішті...», «Шымбергеновке үнемі қолдау көрсетеді. Бірақ ол жақсы спортшы емес», - дегендей пікірлерді қарша боратып жатыр, Асадхужа Муйдинхужаевтың жанкүйерлері.
Алайда олардың арасында Асланбектің мықтылығын мойындап жатқандар да жоқ емес.
«Асланбек – тәжірибелі боксшы, мықтылығы көрініп тұр»,
Қазақстандық боксшы тәжірибесі көп болғандықтан соңғы раундта жеңіске жетті. Өзбек, қазақ, қырғыз деп айтуды қойып, жақын туыс болатын кез келді. Түркілер алға! Бұл жекпе-жек финалда болуы керек еді, қытайлықтар әдейі осылай жасап жатыр, шахматшыларда да солай болды, мықтылардың бәрін ерте шығарып жатыр, - деп жазды олар.
Еске сала кетсек, бұл қос боксшы да Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленген еді. Өзбек спортшысы 67 келіге дейінгі салмақта, ал Асланбек Шымбергенов 71 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды.
Бұған дейін Азиададағы аталған жекпе-жекке қатысты бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пікір білдірген болатын.
Алғашқы екі раундта Асланбек жеңіп тұрса да төрешілер қарсыласқа беріп жіберді. Үшінші раунд басталарда оған: «Нокаутпен жеңіп шық», - дедім. Айтқаным айдай келді, - деген-ді сонда ол.