Астанада «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабы таныстырылды
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі Абай Шарапиев бабасының ерекше қасиеті туралы кітап жазып шықты. «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабына ойшылдың көзін көргендер мен батасын алғандардың әңгімесі кірген.
Halyq Uni жаңа кітаптың тұсаукесеріне Астанаға арнайы келген Абай Шарапиев пен ойшылдың мұраларын жинақтап, зерттеумен айналысып жүрген Жеңіс Мейірманмен әңгімелесті.
МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ ҚОЛЖАЗБАЛАРЫ ҚАЙДА САҚТАЛҒАН?
Ойшылдың шөбересі Абай Шарапиев кітаптағы деректерді 23 жылдан бастап жинақтағанын айтты.
Атамыздың емшілік, көрікпелдігі аз жазылып жатыр. Атамыздың көзін көрген, қасында болған кісілермен сұқбаттас болып, 2000 жылдан бастап жинадым. Әкем Төлеубай 14 жыл Мәшһүр Жүсіп бабамыздың қасында болған. Әжеміз Ақзейнептен де естіп жүрдік. Ол кісі атамыздың батасын алған. Атамыздың атқосшысы Иманғали Мәненов деген кісі болған. Сол кісінің жазбаларын араб қарпінен Төлепберген Алдабергенов аударды, - дейді Абай Шарапиев.
Айтуынша, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қолжазбасы Ғылым академиясына тапсырылған.
«Атамыз дүниеден өткен соң үйіне жазушы Дихан Әбілов барған. Үлкен ұлы Шарапидің үйінде екі апта болып, көшіріп, Ғабит Мүсіреповтің тапсырмасы бойынша Ғылым академиясына тапсырған. 1934 жылы «Мес» деген кітабы мен біраз қолжазбасына Шарапи атамыз Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорына тапсырған», - дейді Абай Шарапиев.
ОЙШЫЛДЫҢ ҰРПАҒЫ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДА ЕҢБЕК ЕТЕДІ
Ойшылдың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген Жеңіс Мейірман Мәшһүр Жүсіптің 3 ұлы болғанын, ұрпағының бірқатары филология және тарих саласында еңбек етіп жүргенін айтты.
«1977 жылы Жаңажол ауылының (қазір Мәшһүр Жүсіп ауылы) мектебінде шағын ғана мұражай ашылды. Атаның тақиясы, қолданған заттары қойылды. 1993 жылы ауылдың мәдениет үйінде үлкен мұражай ашылды. Сол кезде Мәшһүр Жүсіптің немересі Төлеубай ақсақалды көрдім. «Сол кезде атамның құманын ұстап жүрген 14 жастағы бала едім» деп еске алды. Төлеубай ата мен Нағи Ахметов ақсақал екеуі мұражайдың ашылуына, шығармаларының жарыққа шығуына үлкен еңбек сіңірді. Шарапи атамыз кезінде Мәшһүр Жүсіптің мұраларын мемлекеттік архивке өткізген. Соны Төлеубай ата мен Нағи Ахметов біліп, мемлекеттік архивке сұраным жіберген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының барлық шығармасын орталық газеттерге басып шығаруды сұраған», - дейді Жеңіс апа Мейірман.
Айтуынша, кейінгі кезде Нағи Ахметовтың Мәшһүр Жүсіпке қатысты зерттеу жұмыстарын бәзбіреулер өз атынан жариялап жүр. Абай Шарапиевтің зейнетке шыққан соң бабасының еңбегін зерттеумен айналысуына осы себеп болған.
Мәшһүр Жүсіп туралы жазушы Дихан Әбілов, Сәрсенбі Дәуітов, Ерлан Арын, Уәлихан Қалижан, Серік Жақсыбаев пен өзінің ұрпақтары керемет шығарма, еңбектер жазды. Көзін көрген, жанында жүрген Иманғали Маненов пен Жұқаш Кәрібаев сияқты ақсақалдардың жазып кеткен араб тіліндегі еңбегін Төлепберген Алдабергенов аударып, кітап болып шықты, - дейді Жеңіс апа.
Айтуынша, Мәшһүр Жүсіптің поэзиясын, шежірешілігін, халық ауыз әдебиетін жинаудағы еңбегін көпшілік зерттеген. Ал тікелей ұрпағы Көпейұлының көрікпелдігі, тылсым әлемі туралы көбірек жазған.
Айта кетейік, «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабының тұсаукесері 2023 жылдың 26 қыркүйегінде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Кітапты басып шығаруға «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры демеушілік етті.