«Бірде-бір дәрігер өз пациентіне өлім тілемейді»: Депутат Талғардағы оқиғаға пікір білдірді

Ербол Тұрымбет

Ол медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Алматы облысы Талғар қаласында болған келеңсіз оқиғаға қатысты мәселе көтерді. Депутаттың айтуынша, медицина қызметкерлеріне күш көрсетуге мүлде жол беруге болмайды.

Сондай зорлық-зомбылық салдарынан медицина қызметкерлері жабық ми жарақаттары, мидың ісінуі, жабық сүйек сынықтары сынды өміріне қауіп төндіретін ауыр жарақаттар алып жатыр.

Оның сөзінше, жалпы, мұндай ұрып-соғу әрекеттері жиі болып тұрады. Алматы облысында пышақпен шабуыл жасалса, Алматыда науқас гастроэнтерологты атып өлтірген. 

Дәрігер ретінде айта аламын, бірде-бір дәрігер өз пациентіне өлім тілемейді. Алайда олар күнделікті жұмысында түрлі дөрекілікке, қорлыққа және ашулы туыстардың шабуылына жиі тап болады. Мысалы, бір Алматы облысының өзінде жедел-жәрдем қызметкерлеріне 12 рет шабуыл жасалған. Оның қасында қаншамасы үнсіз қалып, жұмыстан шығып кетіп жатыр. Ендеше нені күтіп отырмыз? Елімізде медицина қызметкерлеріне пациенттер мен туыстарының зорлық-зомбылық көрсетуі қашаннан бері қалыпты жағдайға айналған?! - дейді Гүлдара Нұрымова. 

Соған байланысты Талғар ауданында болған заңсыз әрекеттерге әділ баға беріліп, кінәлілер заң қатаңдығымен жазалануын сұрайды. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы заң қабылдайтын шақ туғанын жеткізді.