×

Жат ағымның жетегінде кеткендер домбыраға тиісуге кірісті – Аманжол Әлтай

Ұлттық аспапқа тіл тигізуге болмайды

 Дәурен Ерболат 13.09.2023 | 14:57
фото: Halyq Uni

Бүгінде теріс діни ағымның жетегінде кеткен кейбір қазақстандықтар «Домбыра – харам» деп халықты адастырып жүр. Бұл туралы Аманжол Әлтай айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, ұлттық этникалық төлтума мәдениеттің шырақшысы – қазақтың қасиетті қара домбырасы.

Өкінішке қарай, бүгінгі қоғам арасында, әлеуметтік желілерде халқымыздың арда болмысын ардақтайтын домбыра аспабына деген шабуылдар, жас ұрпақтың санасын теріс ұғымдарға итермелейтін қауіпті де ұлттық дүниетанымымызға жат пікірлер көбейіп барады. Әсіресе, діни жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбір Қазақстан азаматтары жұртты адастыратын теріс пікірлер таратып жатыр. Бұған әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген «Домбыра – харам» деген секілді адам шошытар алыпқашпа сөздер дәлел, - деді ол премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында.

Аманжол Әлтай домбыра татулық пен бірліктің мәмілегері екенін, ұлттық аспап небір аласапыран елді біріктіруге зор рөл атқарғанын атап өтті. 

Кешегі 32-жылдардың аштығында да ата-бабаларымыз білегінен әл кетіп, өзегі талып, ақтық демі шыққанша қолынан домбырасын тастамаған. «Қазақ – нағыз қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын айтпақшы, Домбыра аспабы – қазақ деген сөздің синонимі, ұлт деген ұғымның мазмұнын ашатын мәнге ие. Себебі халқымыздың арман-мұраты, ұлттық тәлім-тәрбиесі, төлтума мәдениеті, дүниетанымы осы қасиетті домбыра арқылы көрініс табады. Ендеше, домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу, төлтума мәдениетімізді қорлау, өткен тарихымыз бен бүгінімізге көлеңке түсіру деп қабылдаймыз. Қасиетті домбыраға тіл тигізуге, қорлауға жол бермейік, армен де, заңмен де қорғай білейік, тыйым салайық, - деді ол.

Депутат мәселені шешу үшін мынадай ұсыныс айтты:

  • Президенттің «Мектепке домбыра үйрету сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама» деген сөзін Оқу-ағарту министрлігі ескерусіз, аяқсыз тастамауға тиіс. Білім беретін орта мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізілсін. Оқыту процесіне музыкалық жоғарғы және арнаулы білімі бар білікті мамандар тартылсын;
  • БАҚ-та, радио және телеарналарда домбыра аспабының құндылығын ашатын ән-күй, жыр-терме, айтыс өнерлері көбірек насихатталсын;
  • Дін істері жөніндегі басқарма теріс ағым жетегінде кеткен адамдармен жұмыс жүргізуді күшейтуге тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама