×

Депутат «Күнделік» жүйесі туралы: 4 млн оқушының жеке мәліметі шетелдік компанияға берілген

Жүйеге жыл сайын 800 млн теңге жұмсалады

 Дәурен Ерболат 13.09.2023 | 14:40
коллаж: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанда оқушыларға арналған «Күнделік» жүйесін тексеруді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты міндет» деп атап өтті. Ескі Қазақстаннан бізге мұра болып қалған жастарды тәрбиелеудегі олқылық – Қазақстаның барлық мектебіне күштеп енгізілген «Күнделік» жүйесі.

Сарапшылардың айтуынша, электронды қызмет көрсете алатын бір емес, бірнеше отандық компанияның болуына қарамастан, сол кездегі заманның қонышынан басқан топтардың қысымымен құзырлы орган 4 млн оқушының жеке мәліметін жинау, сақтау және өңдеу қызметін ешқандай іріктеу мен байқаусыз, шетелдік компанияға 12 жылға беріп жіберген. Салдарынан бұл салада шет елден басқарылатын қолдан жасалған монополия пайда болды», - деді Ерлан Саиров.

Депутаттың пікірінше, сыртқы монополияның күшімен елімізде 7 млн адам (барлық бала, мұғалім мен ата-ана) мемлекет пайдалануға міндеттеген «Күнделіктен» күнделікті жағымсыз жарнама көруге мәжбүр.

Соның ішінде этика мен ұлттық дәстүрге жат, сананы улайтын, жалаңаштанған, нәпсі мен ойынның жарнамасы көп. Бұл жөнінде ақпарат құралдары үнемі дабыл қағып жатыр.

Оқушыларды жағымсыз жарнама қарауға міндеттеп, сол арқылы шетелдік монополияны байытуға  жол берген заң немесе ГЧП шарты әлемнің дамыған бір елінде жоқ.

Бұл аз болғандай, «Күнделік» жүйесі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» атты мемлекеттік мекеменің серверлерін пайдаланады және ол үшін Оқу-ағарту министрлігі жыл сайын 800 млн теңге төлейді деген ақпаратты Бас прокуратура тексеруі қажет, - деді депутат.

Ерлан Саиров «Күнделік» 2030 жылға дейін еліміздің барлық мектебінде қолдануға міндетті жалғыз электронды жүйе екенін айтып өтті.

Ертең ол мәліметтер жоғалса, жарнама берушілерге сатылса немесе астыртын зиянды жолмен қолданылса, кім жауап береді? Бұл сала монополиялық реттеуге мүлде жатпайды, сондықтан бәсекелістік болуы шарт, ал «Күнделік» бүгінде жасанды, шетелдік монополия.

Бұл экономика емес, балаларымыздың рухани әлемі. Біз балаларымыздың рухани әлеміне ешкім қол сұқпас үшін қамал салудың орнына жеткіншек ұрпақтың санасын жалаңаштап қойдық, - деді депутат.

Одан бөлек, депутат «Яндекс Такси» қызметін пайдаланатын қазақстандықтардың жеке мәліметіне қатысты тараған ақпаратқа да тоқталды.

«Күнделік» балаларымыздың жеке мәліметіне қол сұғып, рухани келбетіне кері әсер ететін,  ұлттық қауіпсіздіктің тамырына балта шабуға қабілетті терең проблема. Балалардың санасы мен ұлттың ертеңіне төнген қауіпті ескеріп, Үкімет шұғыл әрекет етуі қажет.

Жол берілген қателікті жөндеп, балалардың жеке мәліметтерін мемлекетке қайтарып, салада қалыптасқан шетелдік жасанды монополияны бұзып, отандық компаниялар арасындағы еркін бәсекелестікке жол ашу – заман талабы!», - деп сөзін түйіндеді Саиров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама