Halyq Uni логотип
×

Мәжіліс төрағасы хиджаб туралы: «Мектепті діни ағымдардың ордасына айналдырмау керек»

Ерлан Қошанов балалардың білім алуы керек екенін айтып, оларды басқа мәселе бойынша алаңдатпауға шақырды

 Дәурен Ерболат 13.09.2023 | 13:32
Мәжіліс төрағасы хиджаб туралы: «Мектепті діни ағымдардың ордасына айналдырмау керек»
Фото: Halyq Uni

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мектепте оқушылардың хиджаб киіп келуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл мәселеге алуан түрлі пікір айтылып жатыр. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Конституциямызда, заңда оның барлығы көрсетілген, - деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Сондай-ақ ол мектептегі хиджаб мәселесіне жеке тоқталды.

Біз мектепті саяси немесе діни ағымдардың ордасына айналдырмауымыз керек. Ол – білім ордасы. Ол жерде білім беру керек. Сондықтан балаларды немесе мұғалімдерді басқа мәселеге алаңдатпауымыз керек деп ойлаймын. Оқу-ағарту министрлігінің заң бойынша оқушылардың мектепте қандай форма киетініне қатысты стандарттары бар. Сол стандарттарды ұстану керек, - деді ол.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушылардың мектепке хиджаб киіп баруына қатысты мәлімдеме жасады.

«Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу – ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуге тиіс. Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек», - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Ал мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Конституция бойынша мектептің міндеті ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету екеніне тоқталды.

Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз – зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені, білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді, - деп жазды Балаева.

Конституция бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету.

Сондықтан мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын, - деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Айта кетейік, оқу жылы басталар кезде қазақстандықтар арасында мектептерде хиджаб киюге бола ма деген дау туындады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2016 жылы қабылданған бұйрыққа сәйкес оқушылар мектепке арнайы формамен баруға міндетті екенін мәлімдеді

Серіктес жаңалықтары

Сараптама