Сенат төрағасы үкіметтегі кадрлық ауыс-түйіс жайлы: «Трагедия деп қарамау керек»

Дәурен Ерболат

Қазақстанда жаңадан министрліктер құрылып, Үкімет құрамы ішінара жаңартылды

Мәулен Әшімбаев, фото: Halyq Uni

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда қызметінен босатылған министрлерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенат спикері бұған дейін Ішкі істер министрі болған Марат Ахметжановтың Ақмола облысының әкімі болып тағайындалуын «орнынан түсіп қалды» деп санамайды.

«Оның Ақмола облысының әкімі болып тағайындалғанын білесіздер. Оған үлкен сенім артылып отыр. Ертең ол Ақмола облысында көптеген бастаманы жүзеге асыратынына сенемін. Біріншіден, Марат Ахметжанов – білікті, білімді басшы. Өңірде реттелуге тиіс жұмыстар да бар. Сондықтан (Марат Ахметжанов) облыстың дамуы үшін еңбегін сіңіреді деп сенеміз», - деді спикер Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Мәулен Әшімбаев қызметінен босатылған жас министрлерге де тоқталды.

«Екіншіден, Асхат Оралов, Зүлфия Сүлейменова және Дархан Қыдырәліні айтып жатырсыздар. Қазір елімізде реформа жүріп жатыр. Жаңа министрліктер жасақталуда. Мәдениет және ақпарат, Су ресурстары министрлігі құрылды. Ондай кезеңде бір адамдардың кетіп, орнына басқалардың келуі – заңды процесс. Бұл азаматтардың барлығы – жас адамдар. Әрі қарай әртүрлі бағытта қызмет етеді деп сенеміз. Жалпы, мемлекеттік қызметтен бір адамдар кетіп жатса, оны трагедия ретінде қарамау керек. Бұл демократиялық мемлекеттерде болатын әдеттегі процесс», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы білікті мамандардың жұмыссыз (қызметсіз) қалмайтынын жеткізді.

«Бір адамдар билікке келеді, биліктен кетеді. Біреулері университетке барады әрі үкіметтік емес ұйымдар да бар. Қоғамдық ұйымдарға немесе қабілеті болса, бизнеске барып жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар. Олардың басқа бағытта да елге қызмет етуіне мүмкіндіктері болады. Елге қызмет етудің көптеген мүмкіндігі бар. Бұл тек билікте министр болып отыру деген сөз емес. Білімді, жас азаматтар мемлекеттік емес бағыттарда да жұмыс істей алады», - деді спикер.

Еcке салайық, 1 қыркүйектегі президент жолдауынан кейін Қазақстанда кадрлық ауыс-түйіс басталды. Оған жаңадан екі министрліктің құрылуы себеп болды. Осылайша Үкімет құрамы ішінара жаңарып, кей министрлер қызметінен босатылды. Ал бұған дейін облыс басқарған бірнеше әкім министр лауазымына тағайындалды.