×

Министрлер әкім болды, әкімдер министр болды: Үкіметтің жаңа құрамы

Ауыс-түйіс президент жолдауынан кейін басталды

 Айгерім Таубай 05.09.2023 | 13:43
коллаж Halyq Uni

Елімізде президент жолдауынан кейін кадрлық ауыс-түйіс басталды. Оған жаңадан екі министрлік құрылатыны себеп болды. Осылайша бірнеше күн ішінде министрлердің бір бөлігі қызметінен босатылды, облысты басқарған бірнеше әкім министр болып шыға келді. Halyq Uni жаңа министрліктер мен жаңа министрлерге шолу жасады.

Бұл ауыс-түйіс премьер-министр Әлихан Смайылов пен оның орынбасарларын айналып өтті деуге болады. Тек премьер-министр орынбасары және белгілі бір министрлікті басқарғандар бір қызметінен қағылды. Олар: Сауда және интерграция министрлігін басқарған Серік Жұманғарин мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Тамара Дүйсенова.

Осылайша Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың 6 орынбасары бар. Олар:

  • Роман Скляр – премьер-министрдің бірінші орынбасары;
  • Ғалымжан Қойшыбаев – премьер-министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы;
  • Ерұлан Жамаубаев – премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі;
  • Мұрат Нұртілеу – премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі;
  • Серік Жұманғарин – премьер-министрдің орынбасары;
  • Тамара Дүйсенова – премьер-министрдің орынбасары.

ЖАҢАДАН ҚҰРЫЛҒАН МИНИСТРЛІКТЕР

Жолдау барысында ел президенті екі министрлік құрылатынын хабарлады: Су ресурстары және ирригация министрлігі және Көлік министрлігі. Бұл екі министрліктің құрылуы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тікелей әсер етті.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін бұған дейін басқарған Марат Қарабаев қызметінен босатылды, алайда бірден елімізде қайта құрылған Көлік министрлігін басқаратын болды. Ал бұл министрліктің аты – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі болды. Ведомство басшысы ретінде президент Қанат Шарлапаевты тағайындады.

Қанат Шарлапаев 2022 жылдан бері «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның Басқарма төрағасы болды. Ол кезде Шарлапаевтың Қазақстан азаматы емес екені, Ресей мен Ұлыбританияның азаматы екені айтылған еді. «Бәйтерек» холдингі сайтында Шарлапаевтың қазір Қазақстан азаматы екені көрсетілген.

Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Ерлан Нысанбаев тағайындалды. Ол 2014-2019 жылдары Ауыл шаруашылығы вице-министрі, 2019 жылдың шілдеден бастап қазірге дейін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарған.

Жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне Жамбыл облысын 2022 жылдан бері басқарып келген Нұржан Нұржігітов тағайындалды.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Оған биыл өңірде суармалы судың жетіспеушілігі мен ауа температурасы нормадан жоғары болғаны себеп болды.

Сондай-ақ туризм саласына назар аудару мақсатында мәдениет пен ақпарат саласы бір министрлікке бірікті. Ал Туризм мен спорт жеке министрлік болып қалды. Бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігін басқарған Асхат Оралов қызметінен босатылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін енді Дархан Қырырәлі басқармайтын болды. Оның орнына Мәдениет және ақпарат министрлігін Аида Балаева басқарады, ал Туризм және спорт министрін басқару Ермек Маржықпаевқа берілді.

Айта кетейік, Аида Балаева 2020-2022 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған.

Ал Ермек Маржықпаев кейінгі 4 жылда Ақмола облысын басқарды. Еңбек жолын 1991 жылы Астанада мектепте дене шынықтыру мұғалiмi, бокстан жаттықтырушы болып бастаған ол енді спорт саласына жетекшілік етеді.

ЖАҢА МИНИСТРЛЕР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Сауда және интеграция министрлігіне жаңа басшы келді. Ол – Арман Шаққалиев. Президент Шаққалиевті бірден қабылдап, қазақстандық экспорт үшін жаңа өткізу нарықтарын қарастыру барысында министрлік белсенді жұмыс істеуі қажет екенін айтты. Сонымен қатар халықаралық нарықтарда ұлттық экономикалық мүддені қорғау, импортпен орнықты бәсекелестікті қамтамасыз ету және отандық тауар өндірушілерді қолдауды тапсырды.

Тағы бір өзгеріс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде болды. Тамара Дүйсенованың орнына Светлана Жақыпова келді. Ол 2017-2019 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарған. Ал биыл маусымда Светлана Жақыпова Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалған еді.

Ішкі істер министрлігінің басшысы да ауысты. 2022 жылдан бери бұл қызметті Марат Ахметжанов атқарған еді. Оның орнына елдегі қауіпсіздік пен тәртіпке енді Ержан Сәденов жауапты болады. Жаңа министрдің тағайындау кезінде президент Тоқаев Сәденовтің ішкі істер органдарында 30 жыл еңбек еткенін, аудандық жедел уәкіл қызметінен министрдің орынбасары лауазымына дейінгі сатыдан өткенін айтты. Сондай-ақ Марат Ахметжановтың басшылық еткен кезінде ішкі істер органдарының қызметін ұйымдастырудағы оң өзгерістерге ерекше назар аударып, цифрлық технологияларды енгізу, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін жедел тіркеу, сондай-ақ полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету сынды бастамаларына айтып өтті.

Марат Ахметжанов қызметсіз қалған жоқ, ол енді Ақмола облысын басқаратын болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде ауыс-түйіс кезінде министр Ербол Қарашөкеев қызметінен кетті. Орнына Айдарбек Сапаров келді. Сапаров 2022 жылдың желтоқсанынан бері Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған еді.

Қарашөкеев те қызметсіз қалмады. Ол енді Жамбыл облысы әкімі лауазымын атқарады.

ОРНЫН САҚТАП ҚАЛҒАНДАР

Өзгерістер арасында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов орнын сақтап қалды. Ол бұл қызметті 2022 жылдың қаңтарынан бері атқарып келеді. Әділет министрі Азамат Есқараев, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қызметін әрі қарай жалғастырады.

Орнын сақтап қалғандар арасында Мусин цифрлық даму саласына 2020 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Ажар Ғиният 2022 жылдан бері елдегі денсаулық саласына жауапты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама