Қорғаныс министрінің орынбасары әскерде әлімжеттік барын жоққа шығармады

Айнұр Шошаева

Сәуір айында қазақстандық екі сарбаз жұмбақ жағдайда көз жұмды

коллаж: Halyq Uni

Бүгін Мәжілістің баспасөз орталығында Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов әскердегі әлімжеттікке қатысты пікір білдірді.

«Білесіз ғой, әскер деген ер адамның ұжымы. Әрбірінің мінезі бар. Әрқайсы әр отбасында тәрбиеленген. Әрине, арасында болады. Біз оның алдын алу бойынша шара қабылдаймыз», – деді министрдің орынбасары журналистердің сұрағына жауап беріп.

Оның сөзінше әр әскери бөлімнің құрылымында сарбаздардың моральдық жағдайына бақылау жүргізетін арнайы психолог бар.

«Жеке құраммен тәрбие жұмысы жүргізіледі. Жас жігітті 18 жыл бойы отбасыда тәрбиеледі. Кешіріңіз, бір жылдың ішінде біз оны тәрбиелей алмаймыз. Біздің міндетіміз оған әскери мамандықтың негізі мен Отанды қорғауды үйрету. Ал оны тәрбиелеумен балабақша, мектеп және отбасы айналысты», - деді вице-министр.

Еске салайық, 22 сәуірде әскери борышын өтеуге Маңғыстаудан Қордайдағы әскери бөлімге шақырылған 18 жастағы сарбаз Әлібек Қалбай жұмбақ жағдайда қайтыс болды.

Жамбыл облысында әскер қатарында жүріп қаза болған Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты күдікті ұсталды. Бұл ақпаратты Бас әскери прокуратура растады. Алайда сарбаздың өліміне күдікті ретінде қамауға алынған атыраулық Айболат Аманжоловтың анасы Бас әскери прокуратураның шешімімен келіспей отыр.

Одан бөлек, 10 сәуірде Шекара қызметі 2 наурызда жоғалып кеткен қатардағы жауынгер Ұлықбек Айдарбекұлы Бердішовті іздеу барысында оның мәйітін тапты. Жамбыл облысында жұмбақ жағдайда жоғалып, өлі күйінде Қырғызстандағы таулардың бірінен табылған сарбаз Ұлықбек Бердішевтің жақындары оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін еместігін айтады.