×

«Олар дос болған». Әлібек Қалбайдың өліміне күдікті сарбаздың анасы ұлын босатуды сұрайды

Айнұр Төлемісова әскери тергеу басқармасы нағыз кінәлілерді жасырып, қылмысты ұлының мойнына іліп отыр деп санайды

 Айнұр Асылбекқызы 11.05.2022 | 09:51

22 сәуірде Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде жұмбақ жағдайда көз жұмған 18 жастағы ақтаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Оның өліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі бойынша бойынша («Адам өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу») атыраулық Айболат Аманжолов күдікті деп танылды. Ол қазір тергеу изоляторында отыр. Алайда оның анасы мен туыстары тергеудің әділ өтуін талап етіп отыр. Олар қазір бұл іс бойынша нағыз кінәлілерді жасырып, қылмысты ұлының мойнына іліп отыр деп санайды.

Екі сарбаз да әскерге 13 сәуірде шақырылған және олар әскери ант қабылдап та үлгермеген. 

Айболат Аманжоловтың анасы мен туыстары жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік желілер арқылы араша түсуді сұрап үндеу жолдаған болатын.

Еске салсақ, 18 жастағы ақтаулық сарбаз Әлібек Қалбай 22 cәуірде таңертең сапта тұрғанда есінен танып құлайды. Ол Отар ауылында орналасқан Гвардейский әскери қалашығындағы әскери госпитальге жеткізіледі. Алайда есін жимастан көз жұмады. Марқұмның туыстары Қорғаныс министрлігінің бұл ресми мәлімдемесімен келіспей, оны казармада ұрып-соққан деп есептейді. Бұл оқиға қоғамды резонанс тудырды. Кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев істі жан-жақты тергеуді тапсырып, Бас әскери прокуратура атыраулық арбазды қамауға алды.

Кейін Жамбыл облысы Қордай аудандық сот-медициналық сараптама орталығы да Әлібек Қалбайдың басының желке аймағында, оң жақ мықын аймағында, оң жақ бүйрегі мен бауырында гематомалардың барын анықтаған.   

Ал, күдікті Айболаттың 42 жастағы анасы Айнұр Төлемісова әскери тергеу басқармасы нағыз кінәлілерді жасырып, қылмысты ұлының мойнына іліп отыр деп санайды. Сол себепті президенттен бұл істі бақылауына алып, ұлын босатуын сұрайды.

Айболат - оның тұңғышы. Оның артынан ерген алты бауыры бар. Айболат Әлібекпен екеуі елдің батыс аймағынан болған соң бірге ойнап-күліп, дос болып, жақын араласқан.

Ол ұлының әскерге баруын қалағанын айтады. Бастапқы күндері ұялы телефонмен хабарласып тұрған.

«Алғашқы күндері жағдайы жақсы екенін айтып, ешкім тиіспейтінін, тамақтары ұнағанын айтып жүрді. Қызым 22 сәуір күні түнде Отарда бір сарбаздың қайтыс болғанын айтты. Мән бермедім. Бірақ келесі күні ұлымның әскери бөлімі екенін біліп, бірден облыстық қорғаныс департаментіне тағы бір анамен бардым. Екеумізді кіргізбеді, кейін өзіміз кіріп алдық. Әскери бөлім бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Серік Нұралинге хабарласып, балаларымыздың жағдайы жақсы екенін білдік», - дейді Айнұр Төлемісова.

Алайда, ол ауылға оралған соң ұлынан телефон арқылы жайсыз хабарды естиді. Айболат бір сарбаздың өлімін өзінен көріп жатқанын, сондықтан, әскери бөлімшеге тезірек кел деп жалынып, адвокат керектігін айтып жылаған.

Төлемісова облыстық қорғаныс департаментінің басшылығы өзіне ешқандай ақпарат бермей, шығарып салғанын айтады. 23 сәуірде әскери бөлімге жеткен ата-ананы екі сағат бойы кіргізбей тұрған.

«Күн суық болды. Отбасымызбен тоңып күтіп тұрдық. Екі сағаттан соң баламызды бірнеше әскери форма киген адам әкеліп, кездестірді. Оның айтуынша, ұлым мен марқұм ақтаулық сарбаз дос болған. Ғимараттан шыққан кезде балам қолын оның иығына салып келе жатқан. Екеуі бір-бірінен ант қабылдауға кім келетінін сұраған. Бар болғаны осы. Петропавлдық Николай Курочкин деген сарбаз марқұм Әлібектің ұлыммен төбелескенін көргенін айтқан. Алайда, бұл уақытта сабақ болған және ол құшақтап тұрған. Бірақ басқа 40-тан астам сарбаз ешқандай да төбелес болмағанын айтып отыр. Олар төбелес болса айырар едік деп отыр. Тіпті, сержанттары да төбелес болмағанын айтты», — дейді Төлемісова.

Ол президент тапсырма бергеннен кейін, әскери тергеу басқармасы балағаттап, сегіз сарбазды бір түн бойына тамақ бермей ұстап, ұлына балағат сөз айтып, ата-анасына да тіл тигізгенін айтады.

«Әскери тергеуші Мақсат Әбенов басқа сарбаздарға егер де Әлібекті Айболат соққанын айтсаңдар, бір жыл бойына тергеу басқармасы өз қамқорлықтарына алатынын, форма кимей, демалып жүруге жағдай жасайтынын айтып, уәде берген. Алайда сарбаздар келіспеген. Әлібек сапта тұрған кезде құлаған. Балам жылап, оның қолынан ұстап отырса, қалғандары алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейін олар құлаған сарбазды медициналық бөлімге апарған. Тергеуге ең соңғы петропавлдық Николай Курочкин кіріп, содан шықпаған. Ол ұлымның Әлібекті ұрғанын айтып отыр. Оны қалай көндіргенін білмейміз. Айболат өзі шағын денелі, соққысы да әлсіз, ол адам ұра алмайды», - дейді Айболаттың анасы.

Анасы әскери бөлімнің алдында тұрған кезде, бір әскери киімдегі ер адам келіп, баласының жазықсыз екенін айтқан. Содан соң Әлішер Жаурабаев деген сержант марқұм Әлібекті күн сайын «Айжамал» деп келеке қылғанын жеткізген. Ол қайтыс болатын түні сержант Әлібекті бөлек алып кетті деген.

«Мұны айтқан жігіт бас киімін басып алған, далаға қарап тұрып, тез айтты да кетіп қалды. Жаурабаев деген сияқты фамилиясы сержанттың. Осы фамилияны жаттап алыңыз деді әлгі жігіт. Менің ұлым бір нәрсе көрген, оны жан-жақтан қорқытып тастаған сияқты. Мен бұл жайтты айтпадым, айтсам, ұлыма бір нәрсе істеп қоя ма деп қорқамын», - дейді анасы. 

Енді Төлемісова ұлының әділетсіздікке шыдамай өзіне қол жұмсай ма деп қорқып отыр.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама