×

Ауғанстандағы қазақ кәсіпкері: оның өнімін Макгрегор мен Джей Ло тұтынады

Рүстем Смағұлов қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенмен жұмыс істегісі келеді

 Айнұр Шошаева 05.08.2023 | 11:54
Фото: Halyq Uni

Ауғанстанда жұмыс істеп жүрген қазақ кәсіпкерінің өнімін әлемдік деңгейде танылған жұлдыздар алады, деп хабарлайды Halyq uni

Астанада ауған өндірушілерінің көрмесі өтіп жатыр. Шетелдік өндірушілер Қазақстанға азық-түлік, тоқыма бұйымдар, сусындар, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдері мен бағалы тастар алып келген. Көрмеге Ауғанстаннан келген кәсіпкердің бірі – Рүстем Смағұлов бағалы тастар мен зергерлік өнімдерін әкелді. Қазақ кәсіпкерін әңгімеге тартып, ауған еліндегі өмірі туралы сұрап көрдік. 

Ол Ауғанстанда кен орнын алып, өндіріспен айналысады. Өзі Петропавлдың тумасы. Ол елмен іскерлік байланысы 2017 жылы басталған. 

«Бағалы тастармен 2012 жылы айналыса бастадым. Алдымен Ресейде Бурятияда істедім. Былтыр Ауғанстанда кен орнын сатып алып, лицензия алдық. Біздің компаниямыз Панджшерде зүбаржат өндіреді. Қазақстан мен Ауғанстанда бизнеспен айналысудың айтарлықтай айырмашылығы жоқ, тек соңғысында қауіпті екені рас. Бізде бейбіт пен тыныштық бар. Әрине бөтен ел болған соң, түрлі қиындықтар болып жатады. Ол жақта жерді белгілі мерзімге береді. Мәселен, біз алдымен бір жылға алдық. Мерзімі аяқталған соң, тағы бір жылға ұзартып отырамыз. Қазір тәліптерге төлеймін. Айырмашылық әрине бар, өте сақ болу керек», - деді ол. 

Сондай-ақ оның айтуынша, Малайзия мен Қытайда кәсібі бар. 

«Бағалы тастар мен әшекей өнімдерімен айналысамын. Клиенттерімнің арасында аты әлемге танымал тұлғалар бар. Олардың арасында Конор Макгрегор, Дженнифер Лопес, Катар ханзадасы, Американың баскетболдан жұлдызды командасы бар. Негізінен сағат алады. Өнімнің механизімін қадағалайтын швейцариялық шеберім бар. Бұл әзірге бәсекелесі жоқ бизнес дер едім. Алдағы 1-2 жылда танымал болып жатсам, таңғалмаңыз. Енді Қазақстан нарығына шықсам деймін, осы көрмеден соң Димаш Құдайбергеновпен кездесу жоспары бар», - деп деді кәсіпкер. 

Кәсіпкер көрмеге көгілдір ақық, лағыл, жақұт, жасыл ақық және т.б тастар мен дайын зергерлік өнімдер алып келді.

Әр елдің сұранысы әртүрлі. Мысалы, Қазақстанда алтынға сұраныс көп. Ал Қытайда нефрит дегендей. Әр ұлттың өз тасы бар. Еуропада әсіресе еврейлер жақұт алады. Біз бағалы тастарды өндіріп қоймай, оларды Малайзиядағы зауыттарымызға жіберіп, дайын әшекей өнімдерін шығарамыз, - деді ол. 

Айта кетейік, Рүстем Смағұловтың мамандығы спортшы, кезінде күрестен республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып жеңімпаз атанған. Ауғанстаннан бұрын 8 жыл Қытайда тұрып, Ресейге тауар тасымалдаумен айналысқанын атап өтті. 

«Таныстарым «Ауғанстанда қалай тұрасың?» деп сұрайды. Ол жақтың өміріне үйрендім. Сыртқа шыққанда оқ өтпейтін кеудеше киіп, брондалған көлікпен жүремін. 10 тәліптен тұратын жеке күзетім бар. Мен ол елде өндірумен айналысамын, салық төлеймін. Күзеткені үшін ақша төлеймін. Кен орнынан бөлек қазақстандық кәсіпкерлердің астығын жеткізу, өткізу мәселесіне көмектесемін. Бір жағынан ауған тарапына, екінші жағынан еліміздің бизнес өкілдерімен жұмыс істеймін. Сондай-ақ ол жақта «визамен көмектесші» деп өтініш айтатындар көп. Себебі мен еліміздің елшілігімен қарым-қатынасымыз жақсы. Ол жақтан кеткісі келетіндеп көп. Мен бірден «визамен айналыспаймын, тек тас өндіріп, салық төлеп отырмын» деп айтамын», - дейді кейіпкер. 

Сондай-ақ қазақ кәсіпкері Ауғанстандағы билік режимі өзгергеннен кейін елдегі өмірдің қалай өзгергенін айтып берді.

Қыз балалар тек 5-сыныпқа дейін оқиды, одан кейін оқуға тыйым салынған, үйде отырады. Ұл балалар оқиды, қосымша намаз оқиды. Тәліптер Ауғанстаннан барлық жерінде бар. Қаладан шығып бара жатсаң, тоқтатып тексере бастайды. Сары куәлігімізді көрсеткенде жібереді. Бұл куәлік менің Ауғанстанға инвестиция салып, бизнеспен айналысып жатқанымызды білдіреді. Ал жергілікті халықтың куәлігі басқа, - деді Рүстем. 

Қазір оның компаниясында 104 адам жұмыс істейді. Айтуынша, ол жердегі орташа жалақы біздің ақшамен есептегенде шамамен 50 мың теңге көлемінде. Сонымен қатар одан жергілікті халықтың қазақтарға деген көзқарасын сұрадық.

Жергілікті қазақтармен араласамын деп айта алмаймын. Олардың көбі тауда, киіз үйде тұрады. Көргенім болмаса, араласқан емеспін. Мен қазақ екенімді айтпаймын, өйткені ұрлап кетіп, ақы сұрауы мүмкін. Ондай да тәжірибе бар. Сондықтан жергілікті тұрғындар сияқты жүрем. Сол елге барып, жұмыс істеп жатқаныма өкінбеймін. Негізі мен ТМД бойынша Ауғанстанда жұмыс істеуге рұқсат алған бірінші шетелдік инвестормын. Менің бірнеше елде компаниям болғанымен, оның бәрінде өзім жүрмеймін. Сенімді адамдарым бар. Жұмысты қашықтан ұйымдастырып, басқаруды үйрендік, - деді  ол.

Қазір кәсіпкер Қазақстан нарығына шығуды жоспарлап отыр. Бірінші кезекте шоу-бизнес өкілдерімен жұмыс істеу жоспары бар. Сонымен қатар ол елдің тұрмысы туралы аз-кем айтты.

«Онда жеміс-жидек көп, ет жеткілікті. Тек ұн, өсімдік майы жоқ. Сол жағынан да Қазақстанмен байланыс орнатуға мүдделі. Өзім 200 долларға төрт бөлмелі пәтер жалдап тұрамын. Ауғанстанда интернет бар, бірақ өте нашар. Әрі қымбат. Ай сайын бір нөміріме аз дегенде 100 доллар төлеймін. Соның өзі жетпей қалатын кездер болады. Басқа тұрмыстық қиындықтар бар деп айта алмаймын. Жеке аспаз, үй шаруасындағы көмекшілерім бар. Бәрі жергілікті тұрғындар. Қазақстаннан алып барайын десем, ешкім бармайды. 5-7 мың доллар төлеуге дайынмын, бірақ Ауғанстан десе қашады. Бұны да түсінуге болады. Ол жақта өмір сүру қиын. Өлім жазасы бар. Тіпті сот емес, халықтың жазалауға рұқсаты бар», - деп қорытындылады Рүстем Смағұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама