×

Тоты Шоқырқызы: «Ата-анамның еңбегін елеп-ескерген елім аман болсын!»

Білесіз бе, ол кісілер мұндай құрметке әбден лайық болса да мен ешкімнен ештеңе сұраған емеспін, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 11.07.2023 | 17:05
Фото: Мұсағали Тасқалиев

Бүгін Ақмола облысының Қосшы қаласында қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы мен оның сүйікті жары – қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапаловаға көше аттары берілді. Осы қуанышты жаңалықты қазақтың атақты ерлі-зайыпты қайраткерлерінің қызы Тоты Шоқырқызы да естіп, қуанып қалды. Қазір ол кісі нағашы әжесінің туыстары тұратын Ресейдің Челябі облысында сапарда жүр екен.

Ресейдегі ұлы нағашыларым өздері шақырған соң, сонда жүрмін. Нағашы әжемнің ескі фотосуреттерін көріп, бір жасап қалдым. Ал Қосшыда ата-анама көше аттарының берілгеніне өте қуаныштымын. Соны естіп, осындағы ағайынға айттым. Бәрі бір кісідей қуанып жатыр. Ақмола облысы Қосшы қаласының әкімдігіне әке-шешемнің еңбегін елеп-ескеріп, көше атын бергеніне мың алғыс айтамын. Аруақтар риза болып, бір аунап қалған шығар, – деп бастады әңгімесін тектінің ұрпағы.

Одан кейін Тоты Шоқырқызы бізбен әңгімеге қуана келісіп, сұрақтарымызға жауап берді.

– Тоты апай, бүгін бір қуанышты хабарды естідік. Оны halyq-uni.kz ақпарат порталына да жаздық. Қазақтың атақты ерлі-зайыпты қайраткерлері – қазақ боксының атасы, қазақтың тұңғыш кәсіпқой боксшысы – сіздің әкеңіз Шоқыр Бөлтекұлы мен анаңыз – қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапаловаға Қосшы қаласынан бір-біріне жақын екі көшенің аты берілген екен. Қуаныш ұзағынан болсын, құтты болсын!

– Рахмет! Бұл расымен де өте қуанышты жаңалық екен. Мен шынын айтқанда ата-анама көшенің аттары берілді дегенді енді ғана естіп-біліп отырмын. Алматыда, Жаңаөзенде әкемнің атында көше бар. Ақтөбеде анама да көшенің аты берілген. Білесіз бе, мұндай құрметке ата-анам әбден лайық болса да мен ешкімнен сұраған емеспін. Халқымыз аман болсын! Осының бәрі әкімдікте жауапты қызметте істеп жүрген азаматтардың, халықтың ықыласы, ниеті, пейілі ғой деп білемін.

– Ата-анаңыз көзі тірісінде қандай адамдар болып еді? Олар сіздерге оңашада отбасы, ошақ қасында, дастархан үстінде елден құрмет алу туралы айтатын ба еді?

– Жоқ, ондай әңгіме мүлде болған емес. Әке-шешем өте қарапайым кісілер еді. Ондай ойлары да мүлде болмаған. Олар ештеңені міндетсінбейтін, өздерімен-өздері елге қызмет етіп қана жүретін. Ол кездің адамдары да басқаша еді ғой. Ата-анам, керісінше, басқа адамдарға жанашырлық танытып, көмектесіп, қолдан келген көмегін беріп тұратын. Біз ол кезде баламыз, жаспыз, бәрін көрдік. Бәрі де көз алдымда. Әкем де, анам да өте қарапайым адам болды.

Біз Алматыда тұрдық. Әкемнің алғаш рет бокс үйірмесін ашқаны да есімде. Алматыдағы Горький атындағы Орталық саябақтағы «Спартак» стадионында арқан тартып, содан ринг жасап, жастарға боксты үйрететін. Сонда боксқа келген жастар ақша тігіп, жеңімпазды анықтайтын. Жеңімпаз болған адам жағдайы жоқ, тұрмысы нашар адамдарға көмектесетін. Әкемнің жанындағы адамдардың бәрі солай істеп жүрді. Әкем соған бәрін үйретті. Олар жанындағы адамдардың бәрі бір-бірінен ұялмай жүру керек деп санайтын. Егер бір адам аш-жалаңаш жүрсе, содан ұялатын. Осының бәрі қазақы тәрбие ғой. Жанында біреу қиналып жүрсе, көмекті аямайтын.

– Анаңыз қандай кісі болып еді?

– Анам да сондай қарапайым, көпшіл, үнемі біреуге көмектескісі келіп тұратын адам еді. Анам Қазақ академиялық опера және балет театрында балет бишісі, жауапты биші, прима-балерина болғаннан кейін Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. «Қазақконцерттің» солисі қызметін атқарып, эстрадалық ән-би, миниатюра жанрында еңбек етті. Одан кейін «Киноконцерт», «Белая роза», «Жамбыл» және басқа да 20 шақты киноға түсті. Сол кезде көмек сұраған адамдардың бәріне қолдан келгенше көмектесетін. Көмек беруден айналып өтпейтін. Бір адамдар қызмет бабымен, жұмыс бойынша өтініш айтса, баратын жерге баратын, телефонмен хабарласып, мәселесін шешетін. Егер көмегі тимей қалса, «Неге мен көмектесе алмадым?» деп көз жасына ерік беретін еді. Міне, сол кездің адамдары сондай болған.

Анам мен әкемнің махаббаты өте керемет еді, тіпті, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын. Анам әкемді үнемі Шоқ деп отыратын, ал әкем анамды бәрінен де сен сұлу деп еркелететін. Олар тіршіліктегі жоқшылыққа, жұрттың алыпқашпа әңгімелеріне мән бермейтін.

– Жарықтық, жақсы кісілер болған екен ғой.

– Ата-анам қазақтың басқа да мықты қайраткерлерімен жақсы араласты ғой. Шәмші Қалдаяқов, Бақытжан Байқадамов, Сырбай Мәуленов пен басқа да аты аңызға айналған ағалармен жақсы араласты, сыйласты. Бұл кісілер біздің үйге жиі қонақ болатын. Сосын олар жора-жолдас болып, әдеби кештерге, шығармашылық концерттерге жиі баратын. Үнемі байланыста болып, бір-бірінен қол үзген емес. Ондай қол үзген күндерін көрген жоқпын.

 Қазір қайда тұрып жатсыз?

– Алматыда Бауыржан баламның қолында тұрамын. Бауыржан – 1983 жылғы. 1986 жылы Санжар балам туған еді. Ол 2020 жылы жол апатынан қаза тапты. Менің апам Айсұлу да Алматыда тұрады. Ол кісі менен 14 жас үлкен. 1946 жылы туған. Мен – 1960 жылғымын. Әкем Айсұлуды өте жақсы көретін. Өзінің қызындай көрді. Ол 7 жаста болғанда әкем анама үйленген еді. Айсұлудың туған әкесінің аты – Абылқай. Әкем Айсұлу екеумізді өте жақсы көрді. Біз бала кезімізде Алматыдағы қазіргі «Тастақ» шағын ауданындағы 4 трамвай линиясындағы бір орыс әйелдің бір бөлмелі шағын пәтерін жалдап тұрдық. Қазір де, міне, Бауыржан балам екеуміз Нұрмаханов көшесіндегі бір шағын үйде (времянка) тұрамыз. Үш времянканың бірін 35 мың теңгеге жалдап тұрып жатырмыз.

– Бұл жағдайды әріптесім Мұсағали Тасқалиевтен естігенмін. Санжар ұлыңыз үйленген бе еді?

– Иә, үйленген еді. Санжардан екі бала бар. Қазір келініміз басқа ер адамға қосылып, одан аяғы ауыр болып отыр. Бақытты болсын, бағы жансын!

– Времянканы жалдап тұрып жатқаныңызды Алматы қаласының әкімдігі біле ме екен? Хабары бар ма?

– Маған әкемнен ештеңе қалған жоқ. Ешкімнен ештеңе сұрағым келмейді. Менің ойымша, бұл – тағдыр. Әкемді тірі кезінде ешкім танымады, ешкім керек етпеді. Ол кісіге тірі кезінде ештеңе берілмеді. Мен өзім – намазханмын. Бес уақыт намазым бар. Бір Аллаға сыйынып жүремін. Алланың бергені болар.

 Бәрі жақсы болсын, Тоты апай! Әңгемеңізге рахмет! Отбасыңызда, әулетте қуаныштарыңыз көп болсын!

Ал әріптесіміз Мұсағали Тасқалиев бізге Тоты Шоқырқызымен кездескеннен кейін қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы мен қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапалованың тағдыры туралы мынадай әңгіме айтып беріп еді...

Қазақ боксының негізін қалаушы Шоқыр Бөлтекұлы мен қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапалованы білмейтін адам жоқ шығар? Қазақтың қос тұңғышы отбасын құрып, Айсұлу мен Тоты деген екі қыз тәрбиелеп өсірген екен. Екі алыптың өте қарапайым өмір сүргендігі сонша, осыншама атақ-дәрежелері бола тұра, олар бір-ақ бөлмелі пәтерде ғұмыр кешіпті.

– Бірде әкем әкімдікке үй сұрап барса, ондағылар сіздің бір бөлмелі болса да үйіңіз бар ғой, үй сұрауға ұялмайсыз ба? Жертөледе тұрып жатқан адамдар бар емес пе? – деген екен. Осыдан кейін әкем ешқашан үй сұрап көрген емес, – дейді Тоты Шоқырқызы.

Шоқыр атамыз көпке дейін осы қылығына ұялып жүріпті.

– Бір бөлмелі болса да біздің үйде адам көп жиналатын, қазақ спорты мен өнерінің қаймақтары үнемі қонақ болып, үйіміз у-шу болып жататын, – дейді Тоты Шоқырқызы.

Шоқыр атамыз бен Нұрсұлу апамыздың қызы Айсұлу бұл күндері Альцгеймер ауруымен ауыратындықтан ауруханада жатыр. Ол кісіден ұрпақ өрбімеген. Ал Тоты апамыздың Бауыржан мен Санжар есімді қос ұлы бар. 2020 жылдың 14 наурызында белгісіз біреулер Санжарды көлікпен қағып, жазым еткен. Бұл оқиға туралы біз кезінде жаздық. Содан кейін кінәлілер ұсталып, сотталды.

Тоты апамыз бүгінде Алматы қаласындағы бір шағын үйде (времянка) ұлы Бауыржанмен бірге пәтер жалдап тұрады. Өзінің басындағы қиын жағдайды айтып, Тоты Шоқырқызы 2012 жылы президентке хат жазған екен, жауап келмепті. «Айқын» газетінде атақты кісілердің ұрпағына көмек керек деген мақала да жарық көріпті. Бірақ селт еткен ешкім болмаған.

– Мен содан кейін ешкімнен ештеңе сұраған емеспін, –  дейді Тоты апамыз. – Үкіметтен алатын зейнетақым бар, шүкір сол да жетеді.

Бұл жағдайды естіген соң жайбарақат отыра алмадық. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері өткен Олимпиада ойындарынан боксшыларымыз ешқашан алтын жүлдесіз оралған емес. Ал осы бокс сияқты қазақтың оң жамбасына келетін спорттың негізін қалаған жанның қызының үйсіз жүргені жанымызға батады. Жақсы, боксшыларымыз қозғалмаса да Шоқыр атамыздың туған жері Маңғыстау облысы мен Нұрсұлу апамыздың кіндік қаны тамған Ақтөбе облысының атқамінерлері ойланса екен. Қала берді, олар – тек аталған облыстар емес, барша қазаққа ортақ тұлғалар ғой. Осы жазбаны оқығаннан кейін мүмкін асылдардың сынығына көмек қолын созатындар табылып қалар деген үмітіміз бар. Тіпті бұл іске Үкіметіміз бен Мәдениет және спорт министрлігі де араласуы керек секілді. Қалай етсек те осы мәселе оң шешімін тауып, жақын арада Тоты апамыздың қоныс тойын тойлағанын көруді Алла нәсіп етсін дейміз!,–  деген еді Мұсағали Тасқалиев.

Біз де әріптесіміздің осы сөзіне қосылып, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы мен оның сүйікті жары – қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапалованың қызы, асылдың сынығы Тоты Шоқырқызына Алматыдан немесе Астанадан бір үйдің бұйырғанын тілейміз! Ақмола облысы Қосшы қаласының әкімдігі де осы өтініш-тілегімізді назарға алады деп ойлаймыз және соған сенеміз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама