Терроризм туралы жалған хабарламалар жиіледі – Бас прокуратура қазақстандықтарға кеңес берді
2016 жылдан бері жалған хабар беріп, халықты әуреге салған 236 адам сотталған
Бас прокурор орынбасары Әсет Шындалиев ел азаматтарына үндеу жасады.
Соңғы уақытта терроризм актілері жайлы жалған хабарламалар жиілеп кетті. Әдетте, оқу орындары, сауда орталықтары, әуежайлар, вокзалдар және адамдар көп жиналатын басқа жерлерде жарылғыш заттардың болуы туралы хабарланады. Осы фактілерді тексеру бойынша шаралар көп уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел-тергеу топтары шығады. Нәтижесінде шұғыл қызметтер шынымен қауіп төніп тұрған немесе шұғыл көмекке мұқтаж адамдарды құтқару бойынша нақты міндеттерден алшақтайды. Сонымен қатар мұндай шабуыл объектісіне айналған кәсіпорындардың қалыпты жұмыс режимі бұзылады. Осыдан бұл адамдарды эвакуациялау дүрбелең әрі құрбандыққа әкелуі мүмкін, – деді Шындалиев.
Оның айтуынша, 2022 жылғы 26 сәуірде жарылғыш құрылғылар жайлы хабарламалар елордадағы және басқа қалалардағы ондаған оқу орнының электронды мекенжайына түсті. Оның барлығы тексеріліп, расталмаған. Бұл уақытта оқу процесі бұзылып, жүздеген оқушы мен оқытушылар эвакуацияланды. Қылмыскерлер іздестіріліп жатыр. Бұған дейін 2022 жылғы 31 наурызда елордалық әуежайдың электронды мекенжайына «бомба салынғаны туралы» хат келіп түсті. Осы мекенжайдан елордалық «Әбу Даби Плаза», «Хан Шатыр», «Мега Силквей» сауда ойын-сауық орталықтарын, өзге объектілерді «миналау» жайлы тағы 6 хабарлама жолданған. 3 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Жарылғыш құрылғылар да табылған жоқ. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында кінәлі тұлға анықталды. Кінәсін мойындап, ол сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Аталған іс-әрекеттер қылмыстық кодекстің 273-бабы (терроризм актісі туралы жалған хабарлау) бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Ол бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
«Жалпы, 2016 жылдан бері терроризм актісі жайлы жалған хабарлағаны үшін 236 адам сотталды. Соның ішінде 147-і бас бостандығынан айырылды. Шұғыл қызметтердің жалған шақыруымен келген материалдық залал кінәлілерден өндірілді. Қылмыстық істерді тергеу тәжірибесі қылмыс іздерін жасыру үшін кейбір жағдайда жалған хабарламалар шетелдегі электрондық пошталар, серверлерден жіберілетінін көрсетті. Осындай ақпараттық шабуыл мақсаты – елдегі жағдайды тұрақсыздандыру, халықты қорқыту. Бас прокуратура осылардың негізінде азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желі пайдаланушыларын қырағы болуға шақырады. Азаматтар терроризм актілері туралы жалған хабарламалар таратпауы, орналастырудың жолын кесуі, мұндай хабарламалардың авторларына жәрдем көрсетпеуі қажет. Дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыс жайлы мәліметтер болған кезде құқық қорғау әрі арнайы органдарға дереу хабарлауы керек», – деді маман.
«Мектепте бомба бар». Атырауда бұзақы ұсталды. Бомба туралы жалған хабар берген өскемендік жазаланды.