×

Жерді мемлекетке қайтару: депутат Назарбаев әулеті инспекторларға қысым жасап жатқанын мәлімдеді

Бақытжан Базарбек алма бағының жаппай оталуына Алматыны басқарған экс-әкімдерді кінәлады

 Дәурен Ерболат 19.06.2023 | 13:11
Бақытжан Базарбек, фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматының әкс-әкімдері заңсыз бұйрық шығарғанын, салдарын қаладағы алма бақтары оталғанын, Алматы агломерациясындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне үйлер салына бастағанын айтып, мораторий жариялауды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Алматы қаласының бүгінгі жай-күйіне тоқталды.

«Алматы қаласы алма өңірі болып саналады. Бүгін Алматыдағы «Горный гигант» деген жерде 3 гектар алма бағы оталып жатыр. 15 жылда Виктор Храпунов, Иманғали Тасмағамбетов, Ахметжан Есімов, Бауыржан Байбек және Бақытжан Сағынтаевтың заңсыз қаулылары салдарынан біз 70% алма бағынан айырылдық. Ең сорақысы (жер) инспекторлар тексеріс жасағанда оларға ескі Нұрсұлтан Назарбаевтың жүйесіндегі Назарбаевтың әулеті мен оның олигархтары қысым жасайды. Соның салдарынан (Алматыдағы) алма бақтарын қайтарып ала алмай жатырмыз», - деді Бақытжан Базарбек Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Сондай-ақ депутат Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке өткір сұрақтар қойды.

«Біріншіден, осы уақытқа дейін қанша алма бағын мемлекет меншігіне қайтардыңыздар? «Жер аманаты» комиссиясы жұмыс істеп, Бақытжан Сағынтаевтың (Алматы қаласының экс-әкімі – автор) бір заңсыз қаулысының күшін жойдық. Өкінішке қарай осы уақытқа дейін мұндай мыңдаған қаулы қабылданған. Алмағы бағын қайтаруға байланысты қандай шаралар қолданылып жатыр?

Екіншіден, Алматы агломерациясын білесіздер. Қарасай, Іле және Талғар аудандарында заңсыз ауыл шаруашылығы алқабы құрылыс салуға беріліп жатыр. Соның салдарынан суармалы ауыл шаруашылығы алқабынан айырылып жатырмыз. Барлық ауыл шаруашылығы алқабында тұрғын үй құрылысы көп салынуда.

Мұндай жағдай Қарасай және Талғар ауданында болып жатыр. Енді (құрылысты) тоқтату үшін Жер кодексінің 97-бабына, 102-бабына өзгерістер ендіздік. Бірақ (құрылысты) тоқтата алмай жатырмыз.

Менің ұсынысым, жалпы Алматы агломерациясындағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлеріне нысаналы мақсатын ауыстыруға мараторий енгізсек? Бұған қалай қарайсыз?», - деді депутат

Ербол Қарашөкеев сауалдарға толық жауап беруге тырысты.

«Алдымен жер қайтару мәселесіне тоқталайын. Былтыр 5,2 млн гектар жерді (мемлекетке) қайтардық. Биыл 1,3 млн гектар жерді (мемлекетке) қайтарып жатырмыз. Кешіріңіз, қазір оның ішінде қанша алма бағы бар екенін нақты айта алмаймын. Мұның ішінде алма бағы бар екеніне күмәнім жоқ. Бұл сұраққа сізге жазбаша жауап берейін.

Екіншіден, суармалы ауыл шаруашылығы жерлерінің басқа санатқа ауыстыру мәселесі бойынша АШМ Жер ресурстары жөніндегі комитет жұмыс істеп жатыр. Негізі жерді басқа санатқа ауыстыру мәселесі тек бас жоспарға кірсе, біз қолдаймыз. Ол бас жоспарға кіріп, мақұлдану процесінен өтсе, оны қолдаймыз.

Сіздің мараторий жариялау туралы ұсынысыңызға тоқталайын. Мораторий жариялау туралы ұсынысты егжей-тегжейлі ақылдасып, содан кейін ғана шешімді қабылдайық. Оның кері әсері де болуы мүмкін», - деп сөзін түйіндеді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама