Halyq Uni логотип
×

Абай облысында өрт сөндіруші жанайқайын айтты (ВИДЕО)

Кейбір адамдар келіп алады да желкемізде тұрып жұмысымызға кедіргі келтіреді, - дейді ол

 Дастан Жұмабекұлы 12.06.2023 | 14:35
Абай облысында өрт сөндіруші жанайқайын айтты (ВИДЕО)
фото: Instagram.com-нан біріктірілді

Абай облысында орман өртін сөндіруге барған төтенше жағдайлар қызметінің маманы Елдос Нұртазаев жанайқайын айтты.  Ол кейбір адамдардың жұмыстарына кедергі келтіріп отырғанын айтуға мәжбүр болыпты. Өрт сөндіруші видеоны Instagram-да жариялады.

Оның айтуынша, кейбір адамдар өрт сөндірушілерге кедергі келтіріп отыр екен. Оның ішінде кәсіпкер азаматтар жұмыс істетпей жатқан көрінеді.

Ассалаумағалейкүм, қазақ елім, сіздерге видеоға шығуға мәжбүр болып тұрмын. Неге десеңіздер, міне, кешеден бері өрттпен алысып жүрміз. Кейбір ағаларымыз келіп алады да,  «Не істеп тұрсыздар? Неге жұмыс істемей жатсыздар?», деп желкемізге тұрып алады. Бұл жұмыс істеп жатқан адамның жүйкесіне қалай тиетінін білесіздер ме? Керісінше, неге бір қазақ елі болып жұмыс істемейміз? Сол үшін бір ел болып  бірге көмектесіп, әр нәрсені шын ниетпен істеуге атсалысайық. Неге сіздер желкемізден тұрып аласыздар да жұмысқа кедергі боласыздар? «Техника неге кірмейді?» дейді. Қалай кіреді ол? Өрт болып жатқан жаққа техника кірсе, оның шығуы қиын болады. Ол кіріп-шыға беретін жеңіл машина емес, үлкен машина. Егер ол жерден көлік шыға алмай қалса, адамдар шыға алмай қалуы мүмкін. Бізге ең бастысы, адамның өмірі маңызды. Сол үшін сіздерден өтініп сұрайтыным қазақ елім, бір жақсы ниетте болайық! Бірлік бар жерде тірлік бар дейді ғой. Күшіміз бірлікте болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Сіздер дұрыс түсіндіңіздер деп ойлаймын, – деді ол.

Сосын ол өрт сөндірушілердің жұмысы өте қиын екенін, алапат апатпен елім, жерім деген жігіттердің күресіп жатқанын айтты.

Түсінеміз сіздерді де, бірақ өтініш бізді де түсініздерші! Бізге де оңай емес, мұнда елім жерім деп жүрген жігіттер жұмыс істеп жатыр! Дұрыс, жақсы ниетте болайықшы, өтініш қазақ елім!, –  деп жазды Елдос Нұртазаев.

Өрт сөндірушінің бұл жанайқайын көрген желі оқырмандары жас маманға сабырлық тілеп, тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, күресіп жүрген бүгінгі күннің батырларына алғыс білдірді.

Еске сала кетсек, 8 маусымда «Семей орманы» резерватында өрт шықты. Әуелі алапат өрттің ауқымына байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Қазір өрт сөндірушілер тілсіз жаумен әлі күресіп жатыр. Өрттің беті қайтқанымен тілсіз жау әлі елді мекендерге қауіп төндіріп тұр.

Ірі орман өртін жою кезінде Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты.

Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. Мемлекет басшысы өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың туыстарымен кездесіп, 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланғанын мәлімдеді.

Соңғы мәліметке қарағанда, қазір Абай облысында үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) өртті сөндіру жұмыстары болып жатыр.

Өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам бірлік техника жұмылдырылған.

Сонымен қатар өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгу үшін 14 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 777 рет 2000-нан астам тонна су төгілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама