Halyq Uni логотип
×

Мәжіліс төрағасы депутаттарды халықпен тығыз жұмыс істеуге шақырды

Ерлан Қошанов депутаттардың қай бағытта жұмыс істеуі керектігін атап өтті

 Дәурен Ерболат 20.04.2023 | 10:33
Мәжіліс төрағасы депутаттарды халықпен тығыз жұмыс істеуге шақырды
фото: Halyq Uni

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов президент тапсырмасынан соң депутаттарды халықпен тығыз жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Палата төрағасы алдымен 19 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиынға тоқталды.

Оған өздеріңіз де қатыстыңыздар. Бұл – елдегі саяси өзгерістерден кейін болған ең ауқымды кеңес. Кеңейтілген отырысқа алғаш рет парламент фракциялары мен комитет жетекшілері, облыстық және аудандық мәслихаттың төрағалары қатысты. Жиында президент әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді жан-жақты айқындап берді. Халқымыз қолға алынған рефомаларды зор үміт артып отырғанын, нақты іс-шараларға басымдық беру қажетін баса айтты. Елдегі оң өзгерістердің түпкі мақсаты мен мәні азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, бұл іске бізде белсене ат салысуға тиіспіз, - деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Осыған байланысты Мәжіліс спикері депутаттардың бірнеше бағытта жұмыс істеуі керектігін атап өтті.

Біріншіден, реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету – депутаттардың тікелей міндеті. Заңдар заман талабына, қоғам сұранысына сай әрі сапалы болуы қажет.

Екіншіден, Парламентте, мәслихаттарда ең алдымен сайлаушылардың мүддесі ескеріліп қорғалуы керек. Бұған кеше президент те ерекше тоқталды.

Үшіншіден, атқарушы билікпен конструктивті диалог орнатып, барлық түйткілді мәселені талқылап, жедел шешуді тәжірибеге, дәстүрге айналдыру қажет. Бұл билік тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуіне жол ашады.

«Алдымызда зор міндеттер тұр. Айналып келгенде депутаттардың нағыз кәсібилігі енді көрінеді. Ол үшін біз Үкіметтен ғана күтіп отырмай, қажет заңнамалық өзгерістерге өзіміз қорғаушы, бастамашы болуымыз қажет. Күн тәртібіндегі өткір мәселелерге дер кезінде сауатты, ең бастысы асқан жауапкершілікпен үн қата білуіміз керек.

Сайлаушылар және қоғаммен күнделікті, үздіксіз, тығыз жұмыс істеуге тиіспіз. Оған біздің тәжірибеміз де, мүмкіндігіміз де жеткілікті. Сондықтан алға қойған мақсат-міндеттерді табысты іске асыру үшін біз бар күш-жігерімізді салайық, әріптестер. Халық та, мемлекет басшысы да бізден осыны күтіп отыр», - деді Мәжіліс спикері.

Еске салайық, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұған дейін де депутаттарды белсенді әрі жауапты болуға шақырған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама