Петропавл атауын өзгертуге қатысты петицияға қала әкімі жауап берді

Самат Жақып

Ерсұлтан Нұрғалиев есімді азамат 7 сәуірде онлайн-питиция жариялаған болатын

коллаж: Halyq Uni

Өткен  аптада еліміздің солтүстігіндегі Петропавл қаласы атауын өзгерту туралы жарияланған петицияға байланысты қала әкімі Болат Жұмабеков Facebook парақшасында жауап берді.

Қала атауын өзгертуге қатысты бастама бойынша өңір жұрттың пікірі қаққа жарылды. Бірі шаһарға қаланың көне атауын қайтару керегін айтса, енді бірі қала атауын өзгертуге еш негіз жоқ деп есептейді.

«Әлеуметтік желілерде Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы онлайн-петицияның қолдайтындар мен қолдамайтындардың пікірталасы жүріп жатқанын байқадым. Бұл петицияны жеке тұлға мемлекеттік емес сайтта ұйымдастырғанын атап өткім келеді. Бұл бастамаға мемлекеттік органдардың қандай да бір қатысы жоқ. Қала әкімдігінің күн тәртібінде қайта атау туралы мәселе көтерілмегенін ресми түрде мәлімдегім келеді. Бұл мәселе туындаған жағдайда да, оны қарау біздің қаламызда тұратын халықтың пікірін ескере отырып, еліміздің ономастика саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Сондықтан мен азаматтарды өзара құрмет көрсетуге шақырамын және әлеуметтік желілерде пікір қалдыру кезіндегі жауапкершілік туралы еске салғым келеді», - деп жазды Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков.

Қазақстанда Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгертуге қатысты петиция жарияланды. Петиция 7 сәуірде жарияланған, авторы - Ерсұлтан Нұрғалиев.

«Қазақстан халқы Петропавл қаласының атауын өзгертуді талап етеді. Қазақстанның болашағына немқұрайлы қарамайтын халық Қазақстанның барлық қалаларының атауы қазақша аталғанын талап етеміз. Егер сіз еліміздің патриоты болсаңыз, осы өтінішке қол қойыңыз», - делінген мәтінде.