×

Тамара Дүйсенова әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты ойын айтты

Назарбаевтың сынынан кейін қызметінен кеткен Дүйсенова бүгін қайта министр болды

 Айнұр Шошаева 11.04.2022 | 17:30
фото: ашық дереккөзден

Тамара Дүйсенова Қазақстандағы әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Мәжілісте жаңа еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің кандидатурасын келісу кезінде депутат Жанарбек Әшімжан зейнет жасына қатысты сұрақ қойды. 

«Сайлаушылардан түсетін негізгі ұсыныстардың көбі әйелдердің зейнет жасына байланысты. Осыған қатысты сіздің көзқарасыңызды білсек», - деді депутат. 

Дүйсенованың пікірінше, зейнет жасын төмендету халық табысының азаюына әкелуі мүмкін. 

Зейнетақыны түсіру-түсірмеу жөніндегі мәселе жалпы біз үшін қиындау болады. Ол азаматтардың қосымша алатын қаражаттарының кемуіне әкелуі мүмкін, - деді Тамара Дүйсенова. 

Бүгін Дүйсенова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалып, президент көмекшісі – президент әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды. Ол бұған дейін еңбек министрі болған. 2018 жылғы ақпанда үкімет отырысында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев одан «Тамара, айтшы, бұл жұмыстан шаршадың ба?» деп сұраған еді. Сол сыннан кейін ол көп ұзамай қызметінен кетті.

Қазақстанда 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңімен 58 жастан 63 жасқа дейін көтеріліп келеді. 2018 жылы әйелдер зейнетке 58,5 жасында шыға бастады. Жыл сайын әйелдер үшін зейнет жасы жарты жылға ұлғайып келеді. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдер үшін зейнет жасы 60,6 жыл болып бекітілді. 2023 жылдан бастап әйелдер зейнетке 61 жастан, 2024 жылдан бастап – 61,6 жастан, 2025 жылдан бастап – 62 жастан, 2026 жылдан бастап – 62,6 жастан шығады. Ал 2027 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы теңесіп, 63 жасты құрайды.

Бұған дейін зейнетақының ең төменгі мөлшерi артатыны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама