Қазақстанда ресейлік телерналарды шектеу: Мәжіліс депутаттары қандай қауіп барын айтты
Парламенттің төменгі палатасының кейбір өкілдері Ресей арналарын көрмейтінін ашық айтты
Мәжіліс депутаттары Қазақстанда соғысты насихаттайтын, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретін ресейлік телеарналардың жұмысына шектеу қою мәселесіне пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еркін Әбіл, депутат:
- Менің ойымша, әрине шектеу болу керек. Жалпы арнаға болмаса да, кейбір бағдарламаға қатысты. Әсіресе, (шектеуді – автор) біздің заңнамамызға қарсы әрекет жасайтын (бағдарламаларға енгізу керек – автор). Мысалы, соғысқа шақыратын кейбір бағдарламалар. Мен бұл телеарналарды көрмеймін (Россия 24, Первый канал – автор). Егер осындай құқықбұзушылық болса, оны сот арқылы шектеу керек.
Нартай Сәрсенғалиев, депутат:
- Дәл осы сауалды Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кандидатурасы бекітілгенде Дархан Қыдырләі мырзаға тікелей қойдық. Ол «Бізде көрсетіліп жатқан телеарналар бар. Телеарна акциясының бір бөлігі Ресей азаматына тиесілі болуы мүмкін. Жалпы осындай арналарда біз пропагандаға жол бермейміз» деп жауап берген еді.
Алайда (елімізде) интернет арқылы ақпарат тарататын телеарналар бар. Ондағы жаңалықты шектей алмайсың, сол мемлекеттен шығады. Сондықтан нақты пропогандалық тұрғыда болса, өзге мемлекеттің территориялық тұрастығына нұқсан келтіретіндей ақпарат таратса, олардың (жұмысын) шектеу керек деп есептеймін.
Никита Шаталов, депутат:
- Бізде адамдар ақылды. Олар барлығын түсінеді. Біз – қалыптасқан біртұтатас азаматтық қоғамбыз. Олардың патриоттық құндылығы бар. Бүгінде олардың санасын қорғау туралы мәселе тұрған жоқ. Мұндағы мәселе назарды өзіне аудартуға қатысты. Бізге тыйым салудың да, шектеудің де керегі жоқ. Өйткені, Ресей – біздің стратегиялық, экономикалық әріптесеміз. Осындай әрекет жасай алмаймыз. Бізге өз контентімізді дамыту керек. Аудиторияны ішкі сапалы контентпен, жаңалықпен қамтамасыз еткеніміз жөн әрі (халыққа) әлемде не болып жатқанын өз күшімізбен хабарлауымыз керек. Осы бізге керек. Менің ойымша, тыйым салудың керегі жоқ.
Ерлан Әбдиев, депутат:
- Біріншіден, халықтың қалауы болады. Екіншіден, (телеарна таратқан ақпаратта – автор) шын мәнінде сепаратистік материалдар болса, заңды түрде шектеу керек.
Әділ Жұбанов, депутат:
- Мен де шектеу қою керек деп есептеймін. Себебі, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Халықаралық деңгейде Тәуелсіз ел екенімізді жарияладық, Конституциямыз бен заңдарымызды бекіттік. Елдің ішінде болған соңғы сепаратистік жағдай қынжылтады...
Марат Башимов, депутат:
- Қазақстанның мүддесіне қайшы келетін бағдарламалар болса, әр мемлекет өзінің қауіпсіздігі үшін (телеарнаның жұмысын – автор) шектей алады.
Максим Рожин, депутат:
- Оны естіп, көріп жүрміз. Біріншіден, бізде контентті тұтыну мәдениетін көтеру керек. Бізде әр адамда фактчек дағдығысы болуға тиіс. Фактчек – кез келген ақпаратты тұтынып, оның қорытындысы жасай алу: қайсы дұрыс-бұрыс, қайсында тек пропаганда немесе қайсында бейтарап ақпарат көрсетілгеніне қатысты. Мұндай дағды әр адамда болуы керек. Менің ойымша, кейбір жағдайда осы дағды бізге жетіспейді.
Екіншіден, пропаганданың құрбаны болу өте ауыр. Өйткені, адамдар бір ғана жерден контент тұтына бергеннен кейін фактчек дағдысынан айырылып, соған сене береді. Мен бірнеше елдің арнасын көремін. Мысалы, Ресей, Украина, Беларусь, Еуропа телеарналары. Барлығын көріп болғаннан кейін белгілі бір шешімге келемін. Бізге осыған келу керек. Жалпы арнаны жабумен мәселе шешілмейді. Мәселе бізде сараптау, анализ жасау дағдысы пайда болғанда шешіледі.
Еске салайық, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Ресей телеарналары тек соттың шешімін шектелетінін айтқан еді.
«Әрине, ақпараттық қауіпсіздік – басым бағыттарымыздың бірі. Бірақ біз (ресейлік телеарналарды – автор) соттың үкімімен ғана шектей аламыз. Осыған байланысты азаматтарымыздың шағымы мен сот үкімі болса, біз оны орындаймыз. Заңбұзушылық болған жағдайда сот шешімі болса, біз оны орындаймыз. Қазір жалпы мониторинг жүргіземіз. Бұған қатысты көптеген мәселе Сыртқы істер министрлігінің құзыретінде», - деді ведомсво басшысы.