×

Қазақстанда Ресей телеарналарының жұмысына шектеу қойыла ма – министрдің жауабы

Ақпарат министрлігі қазақстандықтардың пікірін ескереді

 Дәурен Ерболат 07.12.2022 | 12:18
Коллаж: Halyq Uni

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстанда Ресей телеарналарының жұмысына шектеу қою мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан министрге Halyq Uni тілшісі Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты сұрақ қойды.

«Сіз Украина мен Ресей арасында соғыс болып жатқанын білесіз. Қазақстандықтарды Ресей пропагандасынан қалай қорғаймыз? Еліміздегі ресейлік телеарналардың жұмысына шектеу қою керек пе? Бүгінде Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қалай қорғауға болады?», – деді ол.

Дархан Қыдырәлі бұл мәселе министрліктің бақылауында екенін атап өтті.

«Әрине, ақпараттық қауіпсіздік – басым бағыттарымыздың бірі. Бірақ біз (ресейлік телеарналарды – автор) соттың үкімімен ғана шектей аламыз. Осыған байланысты азаматтарымыздың шағымы мен сот үкімі болса, біз оны орындаймыз. Заңбұзушылық болған жағдайда сот шешімі болса, біз оны орындаймыз. Қазір жалпы мониторинг жүргіземіз. Бұған қатысты көптеген мәселе Сыртқы істер министрлігінің құзыретінде», - деді ведомсво басшысы.

Журналист «Бүгінде ресейлік телеарналарға шектеу қою керек пе? Ресейде Қазақстанға қатысты теріс пікір айтатындар көп қой?» деп сұрағын нақтылады.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Қазақстан азаматтарының дұрыс ақпарат алуы. Сондықтан бұл мәселені пысықтап жатырмыз. Жаңа айттым, бұл мәселе Сыртқы істер министрлігінің құзыретінде. Сондықтан министрлік өз бетінше ондай шектеумен айналыспайды. Жалпы біз азаматтардың пікірін көріп отырмыз. Мониторинг жүргізудеміз, - деді Дархан Қыдырәлі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама