«Ушықтырып алдық»: Қызылжар атауын қайтару жөнінде сарапшылар не дейді
Петропавл тұрғындарының 70%-ы өзге ұлт өкілдері
Петропавлға өзінің тарихи атауы – Қызылжарды қайтару керектігі соңғы он жылдықта жиі көтеріліп келеді. Дегенмен кей сарапшылар қала атауын ауыстыруда кешігіп қалғандықтан, заңнамаға сәйкес тиісті аумақ тұрғындарының көзқарасы ескерілуі қажет деген пікірді алға тартып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жуырда өздерін «Қазақстаннан тәуелсіздік алдық» деп жариялаған Петропавлдағы топтың әрекетіне қатысты Мәжіліс депутаттары қол жинап, Бас прокуратура қылмыстық іс қозғаған болатын. Осы жағдайдан соң қалаға Қызылжар атауын қайта қайтару мәселесі қозғала бастады.
«КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫРЫП АЛДЫҚ»
2010 жылы Петропавл қаласының атауын Қызылжарға ауыстыруды ұсынып, премьер-министрге сауал жолдаған бұрынғы депутат Жарасбай Сүлейменов тарихи атауларды жаңғырту ісінде кешігіп қалдық деген ойда. Оның айтуынша, қазіргі жағдай күрделі болғандықтан өңірдегі жағдай ушығып кетуі мүмкін.
«Жалпы бұл мәселені мен көтергенде елдегі ішкі-сыртқы ахуал басқаша болатын. Сол кезде қолдауға ие болғанда шешілуі мүмкін еді. Қазір бұл мәселеде біз өте кеш қалдық. Тәуелсіздік алғаннан кейін етек-жеңімізді жинай бастаған кезде, ономастика, руханиятқа қатысты кей мәселелерді тездетіп шешіп алуымыз керек еді. Біз олай істемедік. Қазір жағдай аса күрделі. Өйткені бұл мәселені көшеге шығып, айқаймен, ұрандатып шешуге болмайды. Ақылмен, дипломатиямен, парасатпен шешкен жөн. Солтүстік Қазақстан облысында тұрып жатқан тұрғындар құрамын өздеріңіз білесіздер. Қазақтардың саны әлі де болса аз. Қазір бізге елдің тыныштығы мен тәуелсіздігімізден қымбат ештеңе жоқ. Көршілеріміздің жағдайын өздеріңіз білесіздер. Украинаны, өздерінің қандастарын аямаған бұлармен біз енді бір келісімге келе алмай, шиеленіске түссек осы өңірлерде ұқсас жағдайлар қайталануы мүмкін. Ал ондай жағдайға жол беруге болмайды», – дейді Жараспай Сүлейменов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
Ол тарихи атауларды қайтару табиғи үрдіс болғанымен, дәл қазір жағдайды ушықтырмау керек деген пікірде.
Бұл – президент деңгейінде шешілетін мәселе. Сондықтан оны кей белсенділер түсінбей, әр түрлі пікірлер айтып жатыр. Өте күрделі мәселеге айналып кетті. Оны уақытында шешпей, күрделі мәселеге айналдырып алған өзіміз. Сондықтан бұл мәселені көтеріп, жағдайды ушықтар берудің қажеті жоқ, – дейді бұрынғы мәжілісмен.
КӨШІП КЕЛГЕНДЕР, КЕРІ ҚАЙТЫП ЖАТЫР
Ал «Тәуекел» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бурахан Даханов Алматы облысынан Солтүстік Қазақстанға мемлекеттік бағдарлама арқылы қоныс аударған. Ол теріскейге қазақтарды көшіріп әкелу арқылы көптеген әлеуметтік мәселелердің түбегейлі шешімін табуға болады деген пікір айтады.
«Солтүстік облыста орта есеппен 530 мың тұрғын бар болса, соның 3 мыңға жуығы өзге ұлт өкілі. Қазақтардың көбі Петропавл қаласынан жырақта шалғай аудандарда тұрады. Ал қаланың өзінде 70 пайыздан көп өзге ұлт өкілдері тұрады. Петропавл қаласының атын өзгертуге мемлекетшілдік тұрғыда қарар болсақ, тұрып жатқан халықтың да көзқарасымен, ойымен санасу керек деген пікірдемін. Табиғи түрде көшті жаңғырту арқылы, қалаға көпқабатты шағын аудандарды салып, оңтүстік қазақтарын қоныстандыру қажет деген ойдамын», – дейді қор жетекшісі.
Бурахан Дақановтың айтуынша, солтүстікке көш бастаудан бөлек, тағы бір үлкен мәселе бар. Ол – көшіп келгендерді жерсіндіріп, ұстап қалу.
Солтүстікке көштің жеткілікті деңгейде жүрмей жатуының бір себебі Үкімет бұл саланы дамытуды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктеп қойған. Ал министрлікке қарасты жұмыспен қамту орталықтары көшіп келушілердің дипломына ғана қарайды. Ал жұмыс ұсынылмаған соң көшіп келгендер кері қайтып кетіп жатыр. Көшіруге қатысты солтүстікке бір емес бірнеше бағдарлама жасауға болады. Менің ұсынысым – көшіп келгендерді қабылдайтын, тәуелсіз халық арасынан құрылған қарсы алушы тарап болуы керек. Көші-қон агенттігі болсақ деген ұсынысымды Үкіметке бірнеше мәрте жолдағанымызбен, кең қолдауға ие болмады. Қазір еріктілерден құрылған «Тәуекел» қоғамдық ұйымының жұмыс істеп жатқанына 8 айдай болды. Павлодарда, Қостанайда еріктілердің бірігуімен ұйым филиалдары жұмыс істеп жатыр, – дейді қоғам белсендісі басылымға берген сұқбатында.
ЖЕР ДАУЫ – ЕҢ НӘЗІК ЖЕРІМІЗ
Былтыр сәуір айында Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгертуге қатысты петиция жарияланып, 40 мыңға жуық адам өзгертуін қолдап дауыс берген. Қазір петиция жарияланған сайт бұғатталған, тек VPN қосымшасы арқылы ашылады.
Бұл орайда «Петропавл мен Павлодар атауының қазақшалануына жұрттың сенімі азая бастаған жоқ па? Қала атауын өзгертпеуінің қандай себептері болуы мүмкін» деген сауалымызға қоғам қайраткері, тарихшы Мәмбет Қойгелді былай деп жауап берді.
Қазақ үшін ең негізгі мәселенің бірі – жер дауы мен жесір дауы. Жер дауы – қазақ үшін ең маңызды, ең нәзік жеріміз. Ұлт үшін, халық үшін. Сондықтан Қызылжар деген атауды қайтару керек, оны кешеуілдетудің қажеті жоқ. Көп жалтақтаудың қажеті жоқ деп санаймын. Қайтару керек, беру керек. Керек жерінде, сол мәнде, сол деңгейде жауап беруіміз керек. Мейілінше, сепаратистік пиғылдардың қайта-қайта бас көтеруін болдырмау үшін Қыжылжар деп өзгерткеніміз дұрыс деп ойлаймын. Енді, әрине, көршінің көңіл-күйіне қарап әрекет жасайтын халықпыз қой. Енді көршілеріміз де түсіне бермесе, түсінгісі келмесе не істеуіміз керек. Сондықтан мейілінше, батыл қадам жасау артықтық етпейді, – деді тарихшы тілшіге берген сұқбатында.
Петиция жарияланғаннан кейін Петропавл тұрғындарымен кездескен әкім Болат Жұмабеков қала атауын өзгертуге ерте екенін айтқан.
«Қазір өңір тұрғындарының көбі қазақ тілінде сөйлей бастады. Бірақ қала атауын бірден өзгерту мүмкін емес. Өз уақыты, мерзімі келеді. Бұл мәселені біз бір күнде шешіп тастаймыз деп те айта алмаймыз. Қазір одан да басқа маңызды жұмыстар бар», – деген еді қала әкімі Болат Жұмабеков.
Айта кетелік, Қазақстанда былтырдан бері сепаратизм әрекеті бойынша тіркелген деректер күрт көбейген. Мәселен, 2022 жылы сепаратизм әрекеті бойынша 9 қылмыстық іс тіркелген.