×

«Министрлік не істеп жүргенін білмейді»: Мәжіліс депутаты ЖОО лицензиясын тартып алу, универлерді лигаларға бөлу жайлы

Қанат Нұров Қазақстанда ЖОО-лардың қызметін реттеуде ескірген әдіс қолданылып отырғанын айтты

 Ербол Тұрымбет 02.12.2021 | 14:42
Қанат Нұров, фото: parlam.kz

Биыл 17 қарашада өткен Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Қанат Нұров елдегі жоғары білім сапасына қатысты сауал жолдап, елдегі ЖОО-ларды 4 лигаға бөлуді ұсынды. Оның пікірінше, ЖОО-лардың қызметін реттеуде Білім және ғылым министрлігі ескірген әдіс қолданады. Депутат лигаларға бөлу арқылы нарықты өз-өзін реттеуге мүмкіндік береміз дейді депутат. Ал қазіргі жағдайда министрлік қандай қателіктер жіберіп отыр? Мәжіліс депутаты Қанат Нұров бұл мәселені Halyq Uni тілшісіне тарқатып айтып берді.

«ЖОО-ЛАРДА КОЛЛЕДЖДІҢ ОҚУЫН ОҚЫТЫП ЖАТЫР»

- Лигаларға бөлу идеясы қайдан шықты?

- Бұл – бұрыннан бар идея. Американы мысалға алсақ, оларда «Шырмауық лигасы» бар. Алтын, күміс, қола дегендей 4 топқа бөлінеді. Біз де тура сондай бірінші, екінші, үшінші және төртінші лига құруды ұсынамыз. Өте ақылға қонымды идея. Бізде мектепке дейінгі және орта білім міндетті, оны мемлекет қаржыландырады. Ал жоғары білім алуға ешкім міндетті емес. Тіпті, басшылық қызметке баратындар үшін де міндет болмауы керек деп ойлаймын. Өкініштісі, бізде бір қызметке бару үшін жоғары білім дипломы болуы керек деп теліп қойды.

Мысалы, колледж бітірген адам аяқталмаған жоғары білім алған болып есептелуі керек. Оған басшылық қызметке бару үшін ЖОО бітірудің қажеті жоқ. Ол кәсіпті меңгерген адам. Ал бізде колледждердің орнына ЖОО-лар кәсіп үйретумен айналысып жүр. ЖОО деген ғылыми қызметке дайындап шығаруға тиіс емес пе?! Іс жүзінде жұмыс істейтін адамға басшы болуы үшін колледж бітірсе жеткілікті. Сондықтан ЖОО бітіру міндетті болмауы керек.

- Лигаларға бөлу жүйесі бізге не береді?

- Үздіксіз академиялық білім деген бар. Мамандық игеру үшін біраз жыл оқып шықса жеткілікті. Академиялық білім дүниені тануға бағытталғандықтан, өмір бойы жалғаса береді. ЖОО сонымен айналысуы керек: бакалавриат, магистратура, докторантура, одан соң өз бетінше ғылыми ізденіс жолына түсу. ЖОО-да адам мамандықты игерумен қатар, ілім-білімнің қайдан келіп жатқанын түгел сараптап, одан әрі дамытуға үлес қосуы керек. Бұл ғылыми-педагогикалық ЖОО-лардағы жағдай.

Сондай-ақ ғылыми-зерттеу ЖОО-лары бар. Онда қазіргі бар ғылымды меңгерумен бірге, жаңа ғылыми табыстарға жетуің керек. Яғни, сіз ғылым жасаушысыз.

Үшінші саты – ғылыми-техникалық немесе ғылыми-кәсіпкерлік ЖОО-лар. Онда жаңа ғылым ашып қана қоймай, инновациялық технологиялар ойлап табу керек. Оған венчурлық инвестициялар құйылып, жоба жүзеге асып, жалпыға ортақ қолданысқа түседі. Осыларды ескере келгенде, ЖОО-лар өзге білім ошақтарынан мүлде ерекшеленеді. Сол үшін олар басқаша реттелуі керек. Яғни, жоғарыдан келетін бұйрық емес, өз ортасындағы еркін бәсекеге салу керек.

ЖОО-ны әкімшілік әдіспен жабуға болмайды. Ылғи оларды дүрмекке салып, лицензияларын қайтарып алып жатады. Керісінше, оларға тиіспеу керек. Бәсекеге төзе алмайтындары өзі-ақ жойылады. Нарықтың өзін өзі реттеуі деген осы. Сол үшін лигалар құру керек. Сөйтіп олардың зерттеулеріне, инновацияларына немесе басқа да жобаларына қаражат бөлейік. Сосын олар сол қаражатқа қол жеткізуге ұмтылады. Тіпті, жоғарғы екі лигаға лизенция беріп те керегі жоқ. Олар онсыз да әлемдік деңгейде тайталасып жүр. Ал үшінші лигаға қалауыңызша лицензия беріңіз. Төртіншіге түскендерді тіпті қатаң реттеңіз, бәрібір. Осындай жүйе енгізілсе.

Бірақ лицензиясын тартып алудың керегі не? Соның кесірінен қазір бәрін үрейлендіріп қойдық. Сонда қай ЖОО-ның жақсы, қайсысы нашар екенін жоғарыда отырған бір шенеунік шешуі тиіс пе? «Әділет» (жоғары құқық мектебі – ред.) заң саласындағы мықты мамандарды дайындайтын үздік оқу орны еді. Қазір қайда?

«БІЛІМ МИНИСТРІЛІГІ НЕ ІСТЕП ЖҮРГЕНІН БІЛМЕЙДІ»

- Бізде ЖОО-лар аз емес, оған талас жоқ. Бірақ олардың арасынан Сіз айтып отырған жоғарғы лигаларға лайықты 30 универ таңдай аламыз ба?

- Ол біздегі стандарттарға байланысты. Ал стандарттар Білім министрлігінде отырған шенеунікке ғана аян. Біздің ұсынып отырғанымыз - жалпыға жариялы сайт болады, онда халықаралық кеңес құрастырған талаптар ашық көрсетіледі. Сосын соған лайық саналғандары қосылады. Қай оқу орны лайық екенін көрсеткіштерін есептей отырып, халықаралық кеңес анықтайды. Егер кеңестің шешімімен келіспеген жағдайлар болып, дау көтеріліп жатса, министрлік араласады.

Ал бізде қалай? Бәрі министрліктегі шенеуніктің шешіміне қарайды. Мысалы, жақында ғана шамамен 30 шақты ЖОО-дан лицензиясын қайтарып алды. Соның кесірінен министрлік не айтса да ЖОО-лар орындап кетеді. Біздің министрлік данышпан ба еді? Олар алдымен жаңа заманауи кәсіби классификацияны бекітіп алсын. Соны әлі бітіре алмай жүр. Әлі күнге дейін нарыққа керек емес мамандарды дайындап шығарып жатырмыз. Не бітіріп жүргенін білмейтін «монстрға» неге бәрін беріп қоюымыз керек?

- Кейбіреулер ЖОО-ға диплом үшін түседі. Бірақ ол керегіне жарамай қалуы да мүмкін. Әйтеуір диплом бар деген сөз. Осындай жайттар көбейіп кетпей ме?

- Мұндайда ЖОО-ның рейтингін шығаратын көрсеткіштердің бірі – жұмысқа орналасу. Нарықпен тікелей байланыста отырған ЖОО-ның түлектері өз мамандығымен жұмысқа тұрып кете алады. Оны тіпті, зейнетақы қорының мәліметтеріне қараса да болады. Осы тұрғыдан бақыласақ, ЖОО-ның қандай дәрежеде екені көріне қояды.

- ЖОО-ларды лигаларға бөлу туралы ұсынысыңызға мақұл делік. Ал гранттар ше? Олар ЖОО-на қалай үлестірілу керек?

- Гранттарды көбіне жағдайы нашар отбастарынан шыққан балаларға беру керек. Өйткені, грант саны неғұрлым аз болса, ЖОО-ның дәрежесі соғұрлым көтеріле түседі. Бізде қазір керісінше ғой, грант көп болған сайын оқу орнының абыройы артады. Бұл нонсенс!

Грант қымбат білімге берілмейді. Мықты универлер тіпті сол гранттан аулақ жүреді. Жұрт сапалы білім үшін ақысы қымбат екеніне қарамай төлеуге дайын. Сондықтан универсиеттегі грант саны да көрсеткіштің бірі болуға тиіс.

Мемлекеттік тапсырысты алып тастасақ, өз-өзін қамтамасыз ете алмайтын университет былай-ақ құлайды. Сол үшін грант саны неғұрлым аз болған сайын универдің рейтингі соншалық жоғарылауға тиіс. Мұның барлығы ЖОО-ларды өз бетінше реттелуге әсер етеді. Әлемдік деңгейде нәтиже беріп отырған оқу орнына неге мемлекет әмір жүргізуі керек?

«БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАУАБЫНАН КӨҢІЛІМ ҚАЛДЫ»

- Осы ұсынысты Мәжіліс отырысында көтердіңіз. Осы күнге дейін министрліктен депутаттық сауалыңызға қандай да бір жауап ала алдыңыз ба?

- Көптеген сарапшыдан қолдау тапсам да, министрлік тарапы үнсіз. Тіпті, осы депутаттық сауал жолдамас бұрын әуелі министрлікке хат жаздым. Алайда, мардымды жауап ала алмадым. Жауаптан жалтарғандай хат алдым. «Бұл қарастырылып жатқан көп мәселенің бірі» деген сарында жауап қайырған. Мен оны депутаттың дәрежесіне лайықты жауап деп қабылдамаймын. Оның үстіне, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған ұсынысты Президенттің өзі қолдап отыр. Шын мәнінде, министрліктің атқарып жатқан жұмысы көп, оны білем. Лайықты дәрежеде атқарып жатыр, әрі мықты маман ретінде оларға сенім артамын. Бірақ бұндай жауап депутат ретінде менің көңілімді қалдырды.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама