×

Бокстан әлем чемпионаты болмауы да мүмкін – БАҚ

Әзірше 9 мемлекет бойкот жариялады

 Дастан Жұмабекұлы 22.02.2023 | 11:38
фото: ашық дереккөз

АҚШ-тағы бокс сарапшылары наурыз және мамыр айларында өтетін әйелдер және ерлер арасындағы әлем чемпионаттарына бойкот жариялаған мемлекеттердің қатары көбейетін болса, жарыстың болмауы мүмкін екенін айтты.

Қазір 9 ел Бокс федерациялары әлем чемпионаттарына бойкот жариялап үлгерді. Олардың арасында АҚШ, Чехия, Англия, Канада, Ирландия бокс федерациялары бар. Одан кейін қатарға Швеция, Польша, Швейцария мен Нидерланд қосылды.

Бұл тізімді Құрама Штаттардың бокс федерациясы бастап тұр. Бокстан АҚШ құрамасы халықаралық Олимпиялық комитетке әйелдер және ерлер арасындағы әлем чемпионаттарына қатыспайтынын бірінші болып хабарлама жіберді.

Алдын ала айта кетейік, әйелдер чемпионаты Үндістанның астанасы Нью-Делиде 15-31 наурыз аралығында жалау көтеретін болса, ерлер бәсекесі 1-14 мамырда Өзбекстанның Ташкент қаласында шаршы алаңның арқаны керіледі.

Америкалықтар 9 ақпан күні Халықаралық бокс ассоциациясының (IBA) әлем чемпионаттарына Ресей және Беларусь құрамаларын жіберу жөнінде шешім қабылдауына наразылық ретінде бойкот жариялады.

Бойкот туралы ақпарат АҚШ бокс федерациясының (USA Boxing) сайтында ұйымның атқарушы директоры Майкл Макэтидің атынан жарық көрді. Хабарламада Ресей және Беларусь елдері боксшыларының әлем чемпионаттарына қатысулары Халықаралық Олимпиялық комитеттің (ХОК) биылғы 2 ақпанда қабылданған санкциясын бұзғандығы айталады. Ал санкция бойынша халықаралық жарыстарда Ресей Федерациясы мен Беларусьтің жалаулары мен әнұрандарын пайдалануға тыйым салынған.

АҚШ Бокс федерациясы бойкот туралы хабарламасында бұл ұлттық командалардың әлем чемпионаттарына қатысуларына рұқсат бере алмайтындарының тұтас тізімін жасап ұсынған. Олардың бәрі ресейлік Умар Кремлев президенті саналатын Халықаралық бокс ассоциациясының атына арналған.

Америкалық Бокс федерациясы былтыр жастар арасындағы әлем чемпионатында IBA-ның реферилер (рингтегі арбитр) мен төрешілерді іріктеу процесіне ешқандай бақылау жасамағанын атап өтті. Онда әрбір құрлықтан 7 рефери мен төрешілер алынуға тиіс болатын. Бірақ қорытындыда Еуропадан көптеген ресми адамдар тепе-теңдік сақталмай алынды да, АҚШ-тан бірде-бір маман шақырылған жоқ.

Сондай-ақ хабарламада 2021 жылы IBA президенті Умар Кремлевтің делегациясы мүшелеріне АҚШ-қа келуге рұқсат берілгенімен, оның өзіне мұндай құрмет көрсетуден бас тартылғаны айтылады.

USA Boxing атқарушы директоры Кремлевтің өз отандасы, ресейлік Абдуматалим Абакаровты IBA-ның вице-президенті етіп алуы ассоциацияның басшылығын сайлаудың таза да әділ өтпегенін айғақтайды деп есептейді.

Федерация хабарламасында Кремлевтің былтыр желтоқсан айында Дубайда өткен IBA конгресінде айтқан бір сөзін еске түсіріп өтеді. Біріккен Араб Әмірлігінде Умар Кремлев Халықаралық ассоциацияның рұқсатынсыз бірде-бір боксшы, жаттықтырушы немесе ұлттық федерация Олимпиялық ойындарға қатыса алмайтынын айтқан көрінеді.

Осыған орай ХОК-тың мәлімдемесінен мынадай дәйексөз келтіре кетеді: «IBA-ның бокс пен боксшыларда ешқандай шаруасы жоқ екенін, оны тек өзінің күші ғана қызықтыратынын жақында өткен конгресс тағы бір мәрте көрсетті. Боксшыларды олимпиялық іріктеу турнирлері мен Олимпиялық ойындарға жібермеуге бағытталған шешімдері мен талқылауларын басқаша түсінуге болмайды».

Макэти хабарламасының соңында Ресей спортшыларының ХОК тарапынан санкция салынғанына қарамастан, 2023 жылы Мароккода өткен IBA Golden Belt Series турниріне өз туының астында қатысқанын жазады. Әуесқойлар боксы – қазіргі кезде ресейліктер мен белорустар барлық жарыстарға өз жалауларымен және әнұрандарымен ешбір шектеусіз қатысып жүрген жалғыз олимпиялық спорт түрі.

АҚШ Бокс федерациясынан кейін 9 ақпанда Ирландия бокс федерациясы да ресейлік спортшылар қатысатын ерлер және әйелдер чемпионаттарына барудан бас тартты. Ұйымның директорлар кеңесі аталмыш турнирлерге бойкот жариялауға шешім қабылдады. Ал Чехия бокс ассоциациясы да 14 ақпанда осындай шешімге келіп, чемпионаттарға бойкот жариялаушы екі елдің қатарына қосылды. Одан кейін Англия, Канада, Швеция, Польша, Швейцария мен Нидерланд бокс федерациялары бойкот  жариялады. Сарапшылар алдағы уақытта бұл тізімнің күрт көбейіп, тіпті әлем чемпионаттарының болмауы да мүмкін екенін айтып отыр.

Халықаралық Олимпиялық комитет 2019 жылы IBA-ның (бұрын – AIBA) өзіне мүшелігін тоқтатқан болатын. Бірақ Токиода өткен Олимпиадада бокс турнирін сақтап қалды. Оны ХОК-тың арнайы комиссиясы өткізді. 2021 жылы тамыз айында IBA президенті Умар Кремлев ұйымның демеушілердің арқасында барлық қарыздарын жапқанын мәлімдеді. ХОК маусым айында 2024 жылы Парижде өтетін бокс турнирі тағы да IBA-ның қатысынсыз өтетінін мәлімдеді. Бұдан басқа, бокс 2028 жылғы Олимпиялық ойындардың алдын ала бағдарламасына енгізілмей қалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама