Белсенділер Түркияға көмекке қол ұшын беріп жатыр

Дастан Жұмабекұлы

Қазақ жұрты болып жүздеген киіз үй жіберсек, - деді кәсіпкер

фото: ашық дереккөз

Белгілі кәсіпкер, журналист Арман Шораев бастаған азаматтар Түркияда зілзаладан зардап шеккендерге қолдан келгенше көмек беруді бастап кетті. Ол Facebook-тегі парақшасына көмек беремін деген азаматтарға қарата үндеу жариялады.

Түркиядағы алапат жер сілкінісінен үйлер қирап, біраз адам опат болды. Аман қалған туысқан түрік ағайындарымыз шиеттей бала-шағасымен ашық алаңдарда, суық далада жүр. Бой жылытуға үйге кіруден қорқып отыр. Осы сәтте Қазақ жұрты болып жүздеген киіз үй жіберсек. Сүйегі жеңіл, құламайтын киіз үй – зілзаладан жүрегі шайлығып қалған бұқара психикасына қауіпсіздік көңіл күй береді. Ең бастысы, Ата жұрттан келген көмекті сезінер еді. Алыста болсақ та туысқан жұртты жалғыз қалдырмайтынымызды сезінер еді. «Түркияға – 100 киіз үй» науқанын бастайық. Бұл шаруаны Нұрбек Бекбау екеуміз мойнымызға алдық. Реквизитім: 4400430196216649. Каспи: 87021605457, –  деді Арман Шораев.

Кәсіпкердің үндеуі қоғам тарапынан қолдауға ие болып, Түркия азаматтарына көмектесемін деген елдің қатары көбейіп жатыр. Нұрбек Бекбаудың айтуынша, қазірдің өзінде жиналған қаржы 5 млн теңгеден асқан.

Зілзаладан зардап шеккен түрік ағайындарға киіз үй жіберейік деп науқан ашып едік. Қайырымдылық көмек үздіксіз түсіп жатыр. Дәл қазір 5 млн теңгеден аздап асты. Әр жарты күн сайын есеп беріп тұрамын. Киіз үй жасайтын цехпен келістік. Әзірге сегіз қанатты 3 киіз үйге тапсырыс берсек деймін. Бір киіз үй толық комплект 3 млн теңгеден екен. Сүйегі темірден жасалғандары да бар. Олар арзан. Бірақ тек қаңқасы және сыртын жабар киізі ғана бар. Қанша қаражат жиналады, соған қатысты көреміз, –  деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкіметке Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 млн доллар бөлуді тапсырған болатын.