Допинг дауынан кейін спортшы Олимпиада алтынынан айырылған еді
Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы Нижат Рахимовқа қатысты ресми мәлімдеме жасады.
2022 жылғы 22 наурызда спорт төрелік сотының (CAS) допингке қарсы департаменті 2021 жылғы тамызда өткен тыңдау қорытындысы бойынша отандық ауыр атлеттің допинг мәселесіне қатысты ісі туралы шешім шығарды. Осы шешіммен Нижат Рахимов тыйым салынған әдісті қолданғаны үшін кінәлі деп танылып, 2021 жылғы 18 қаңтардан бастап 8 жылға шеттетілді, 2016 жылғы 15 наурыздан бастап (алғашқы «даулы» сынама алынған күннен) спорттық нәтижелердің күші жойылды.
«Әрине, мұндай шешім біз үшін күтпеген жағдай болды. Өйткені тыңдау барысында ауыр атлет адвокаттарының дәлелдері сенімді болды және тыңдау сәтінен бастап, бұл 6 айдан астам уақыт, Нижат Рахимовтың атына да, федерацияға да қосымша сұраулар мен түсініктемелер түскен жоқ. Айта кету керек, бұл үкім бірінші инстанция шешімі саналады. Тыңдау бір төреші қатысуымен CAS допингке қарсы департаменті деңгейінде өтті. Ауыр атлетика федерациясы допингтің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады. Алайда бұл жағдайда халықаралық федерация әрі сол кезде допинг бақылауды жүзеге асырған органдарға да қатысты бірқатар сұрақ бар. Федерация CAS допингке қарсы департаментінің шешімін аппеляциялауға және біздің спортшымызды қолдауға одан әрі көмек көрсетуге дайын», – деді ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралинов.
Бұған дейін Нижат Рахимов Олимпиада алтынынан айырылды. Спортшы CAS шешіміне апелляция бермек.