Петиция: Қазақстандық фермерлер Роман Склярдың отставкасын талап етті

Халық үні

Әзірге петицияға қол қойған жандардың саны 12 мыңнан асты

Роман Скляр, фото: gov.kz

Фермерлер азық-түлік бағасының қымбаттауын утилизация алымымен байланыстырып, ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты утилалымды алып тастауды талап етті.

Биыл 22 қаңтарда елордада жиналған фермерлер арнайы техникаларға қатысты кәдеге жарату төлеміне қарсы бірікті. Олардың айтуынша, тек былтырдың өзінде «ӨКМ операторына» 30 млрд теңге көлемінде қаражат төлеген және ол аграрлық өнімдердің бағасына әсер еткен.

Одан бөлек, утилалым салдарынан арнайы техникалардың бағасы қымбаттаған. Сондай-ақ бұл жағдай ауыл шаруашылығы өнімдерінің де бағасының шаруықтауына себеп болған.

«Халықтың наразылығы мен утилизация алымына байланысты азық-түлік бағасының қымбаттағанына қарамастан, вице-премьер Роман Скляр ауыл шаруашылығы техникасы үшін төлемді алып тастауға үзілді-кесілді қарсы. Осылайша, Роман Скляр үшін бірнеше компанияның мүддесі ел мүддесінен маңызды!», - делінген петицияда.

Ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты утилалымды алып тастауды сұрағандар Мемлекет басшысынан Роман Склярды қызметінен босатып, оған қатысты тергеу жүргізуді талап етті.

Әзірге петицияға қол қойған жандардың саны 12 мыңнан асқан, негізі 50 мыңға жетуге тиіс.