Биыл Екібастұз бен Риддерде жылу ақысы қымбаттайды

Дәурен Ерболат

Екі қалада жылу беру жүйесі тозған

фото: ашық дереккөз

Биыл көктемде Екібастұз бен Риддерде жылу ақысы өседі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі. 

Журналист министрден «Былтырғы коммуналдық коллапстардан кейін тарифтерге түсінікті сандар қашан пайда болады? Екібастұз, Риддер қалалары қандай тарифпен төлем жасай бастайды?» – деп сұрады.

Әлібек Қуантыров тариф саясатын әр кәсіпорын жеке қарастыратынын атап өтті.

Бұл туралы бірнеше рет айттым. Иә, белгілі бір өсімдер болды. Бұл нақты табиғи монополия субьектісіне, яғни халыққа қызмет көрсететін, қуат көзін ұсынатын немесе қуат көзін салатын ұйымға және желілердің тозу көрсеткішіне де байланысты болады, - деді министр Үкімет отырысынан соң.

Сондай-ақ ол Екібастұз жылу электр орталығы тарифті көтеруге өтінім бергенін атап өтті.

Олар тарифті бірден 107%-ға көтеруді сұрады. Біз ондай қадамға бара алмаймыз. Оны ашық айттық. Өсім бұдан 4 есе кем болатын шығар. Олармен осылай жұмыс істеп жатырмыз. Екібастұз жылу электр орталығының иесі де мекемеге инвестиция салуға тиіс. Ол да жауапкершілікті сезінуі керек. Шығынның бір бөлігі бюджетке, бір бөлігі тұрғындарға түседі. Әділеттілік болуы керек. Сонда өсім баяу жүруі керек, - деді министр.

Бұдан бөлек, Екібастұз бен Риддердегі жылу беру жүйесіне қатысты мәселеге тоқталып, бұл қалаларда жылу ақысы қымбаттайтынын атап өтті.

«Екібастұзда жүйе әбден тозған. Ең үлкен өсім сол жақта жоспарланған. 2 есе жоғары болады. Бірақ біз оны басқа механизмдер арқылы тежеуді жоспарлап отырмыз. Екібастұз бен Риддерде өсімді баяу жүргізгіміз келеді. Мысалы жылудың жаңа тарифін бұл қалалалардың тұрғындары наурызда сезінеді. Сәуірде наурыз айының түбіртегі келеді. Ол кезде күн жылына бастаған соң жылу аз тұтынылады. Осылайша, олар тарифтің өскенін наурыз бен сәуірдің жартысында ғана сезінеді. Одан кейін өсімді келер қыста бір-ақ сезінуі керек. Жылуға төленетін бірінші түбіртек қарашада бір-ақ келеді. Бәлкім, тарифтің өсуін тұрғындар сәуірде сезінер», - деп түйіндеді сөзін Әлібек Қуантыров.