«Әркім өз әрекетіне жауап береді»: Жигули Дайрабаев үстінен іс қозғалған екі ұлы туралы айтты
Тараз қаласында Жигули Дайрабаевтың екі ұлына қатысты сот отырысы өтіп жатыр
Тараз қаласында президент сайлауына «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан кандидат болған Жигули Дайрабаевтың екі ұлына қатысты сот отырысы өтіп жатыр.
Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне «Ауыл» партиясының мүшесі, 2022 жылы өткен ҚР президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев та қатысты. Halyq Uni тілшісі Жигули Дайрабаевқа алдағы Парламент сайлауы және үстінен қылмыстық іс қозғалған екі ұлына қатысты сұрақ қойды.
Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясы алдағы сайлауға қатысатынын, соның аясында партияның саяси кеңесі шешім қабылдайтынын айтты.
Сондай-ақ үстінен қылмыстық іс қозғалған екі ұлына қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Оны өздеріңіз (сотқа – автор) қатысып, сұраңыздар. Оған менің қатысым жоқ. Әрқайсысы өз ісіне жауап береді. Бұл мәселеге куәгер ретінде елдің бәрін шақырып, сұрауға мүмкіндік бар ғой. Мен ол туралы ешқандай пікір білдіре алмаймын. Сондықтан әркім өзінің жасаған тірлігіне жауап береді, - деді Жигули Дайрабаев.
2022 жылдың 28 қарашасында Тараз қаласы №2 сотында сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену, ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген айыппен төрт азаматқа қатысты іс қаралуы қажет еді. Алайда сот отырысы бірнеше рет кейінге қалдырылды.
Жамбыл облыстық сотының хабарлауынша, іс №2 қалалық сотының өндірісіне 2022 жылдың 19 қыркүйегінде түскен.
Айыпталушылардың арасында Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Ерлан Күлкеев және Елжан Елібай бар. Олар тергеу изоляторында отыр. Ал Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық үйқамаққа алынған.
Айта кетейік, Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау 2022 жылдың 20 қарашасында өтті. Нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% (6 456 392 адам) дауыс жинап, президент болып сайланды. Ал Жигули Дайрабаевқа сайлаушылардың 3,42 пайызы (271 641 адам) дауыс берген.