×

«Тобыл» клубының легионері 300 мың доллар айлық алады

Оның жалақысы ұлттық валютаға шаққанда –  138 млн теңге

 Дастан Жұмабекұлы 06.01.2023 | 17:20
фото: ашық дереккөз

Қостанай қаласының футболдан «Тобыл» клубында ойнайтын өзбекстандық легионер Игорь Сергеевтің жалақысы белгілі болды. Ол ай сайын клубтан 300 мың АҚШ долларын алады. Бұл туралы Өзбекстанның белгілі футбол маманы Нодирхужа Юлдашев айтты.

«Менен көп адам неге Сергеев өзбек Суперлигасында ойнамайды деп сұрайды. Оның жауабын айтайын ба?! Ол Қазақстанды бекер таңдаған жоқ. Ол сонда ғана ойнағысы келеді. Біздің футболшы Қазақстанда айына 300 мың доллар көлемінде айлық алады. Егер Суперлиганың клубтары Сергеевке лайықты ұсыныс айтса ол әрине, қайтып келуге ойланады деп ойлаймын», –  деді ол.

Осыған қатысты қоғам белсендісі Айгүл Жұмаділ де әлеуметтік желіде мәлімет берді.

Ол елімізде күніне 383 мың теңге алатын футболшы бар екенін, оны Қостанайдың «Тобыл» клубында ойнайтын өзбекстандық Игорь Сергеевтің алатынын айтты.

«Негізі бұндай ақпараттар өте құпия сақталады. Бірақ, дәл осы жігіттің жалақысы байқаусызда жарияланып кетті. Ол 300 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы алады. Ұлттық валютаға шаққанда –  138 млн теңге. Яғни, ай сайын 11,5 млн, ал күн сайын 383 мың теңге алады деген сөз. Мейлі ойнап жатсын, ойнамай жатсын, демалып-ұйықтап, білгенін істеп жатсын, осындай жалақы жүре береді.Қостанайда бұдан басқа проблема жоқ па?! Мәселенің бәрі реттеліп, тек футболға ақша шашу ғана қалыпты...», –  деді ол.

Қостанай клубының әкімшілігі әзірге бұл ақпаратқа жауап берген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама