Данияр Саржігітов жұмыс істегемен жылдары үшін өтемақысын алмақ
Шығыс Қазақстан облысында үш жыл бұрын әскери бөлімшенің ақшасын жымқырды деп айыптаған Данияр Саржігітовті Семей горнизонының әскери соты ақтап шығарды. Бұған дейін сот оны кәнілі деп танып, 2,7 млн теңге айыппұл төлеуді міндеттеген болатын, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Соңғы жылдары Қазақстанда 157 әскери қызметкер түрлі деңгейдегі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бүгінде Жоғары соттың шешімімен оның жетеуі толық ақталып шықты. Соның бірі – капитан Данияр Саржігітов. ІІМ Әскери тергеу басқармасының шығыс өңірлік басқармасы оған қатысты сеніп тапсырылған мүлікті ұрлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның айтуынша, істің бәрі әскери бөлімдегі жанар-жағар майдан басталған.
«Азаматтық тұлғалар әскери бөлімшеден 1600 литр жанар-жағар май шығарды. Қорғаныс министрлігі бізді әскери бөлімшеге қажетті құрылыс заттармен қамтамасыз етпейді. Әдетте құрылыс материалдары қажет бола қалған жағдайда жоғарыдағы штабқа өтінім береміз. Көп жағдайда өтінішіміз қабылданбайды. Осыған орай бөлімше басшылығы құрылыс материалдарына айырбастау үшін отынды шығару міндетін қойды. Бұл туралы бөлімшедегі барлық басшылар мен тиісті құрылымдардың жетекшілері білді. Алайда іс тергеліп басталғанда мен кінәлі болып шықтым», - деді әңгімесінде.
Сот Саржігітовті айыпты деп танып, оған 2,7 млн теңге айыппұл салған.
«Ақша алу немесе сату фактілері болған жоқ. Алайда мені кінәлі деп таныды. Бас бостандығынан айыру жазасы берілмесе де, 2,7 млн теңге айыппұл салынды. Бұл жымқырылған жанар-жағармай құнымен бірдей сома. Өзімнің кінәсіздігімді дәлелдеу үшін үш жыл бойы жүгірдім. 2022 жылдың ақпан айында Семей горнизонының әскери соты мені толық ақтап шешім шығарды. Біз әскери адамдар бұйрықты орындаймыз. Мен де жоғарыдан түскен бұйрықты орындадым. Бірақ сол бұйрықты берген адам жұмысын істеп жүр», - деп қосты ол.
Саржігітов өзін қылмыскер деп айыптаған тергеу органдарынан ресми түрде кешірім сұрауын талап ететінін айтты.
«Шығыс өңірлік әскери тергеу басқармасы ресми түрде менен кешірім сұрайды деп үміттенемін және соны талап етемін. Өйткені 2019 жылы осы іс басталғанда барлық БАҚ арқылы ақпарат таратып, кінәсіз болсам да жаман атымды шығарды. Ол ақпарат елдегі барлық ақпарат құралдарында шықты. Соңғы үш жыл ішінде жақындарымның көз жасы төгілді, уайымнан өзімнің денсаулығыма салмақ түсті. Сондықтан олар өздері таратқан ақпаратты теріске шығаруға тиіс», - деді әскери.
Данияр Саржігітов қылмыстық іске тартылғанға дейін капитан шенінде болған. Толық ақталу процедуралары аяқталған соң, қайтадан әскердегі қызметін жалғастыруды жоспарлап отыр.
«Әрі қарай Қарулы күштердің қатарында қызмет етуді жоспарлап отырмын. Армия генералы А. В. Хрулев атындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету әскери академиясының түлегімін. Мамандығым - мұнай-газ ісі бойынша инженер-механик экономисі. Бұл жанар-жағар май мамандарын даярлайтын әлемдегі жалғыз оқу орны. Қазақстанда бар, Алматыдағы университетте оқытанын жалғыз кафедра. Ал ресейлік академияның базасы үлкен. Сонда оқып жинаған тәжірибемді жастарға үйретіп, әскердің жауынгерлік дайындығын арттыратын боламын. Оның үстіне биыл қызмет мерзімі бойынша майор шенін алуым керек», - деп түйіндеді сөзін Саржігітов.
Қазақстанда заңсыз сотталған әскери қызметшілер сот шешімімен толық ақталып шыққан жағдайда олардың жұмыс істегемен жылдары үшін мемлекеттік бюджеттен еңбекақысы, сыйақысы мен келтірілген моральдық шығын үшін өтемақы төленуге тиіс. Әскери қызметші өзіне тиесілі төлемдердің барлығын өндіріп алатынын айтты.
Еске сала кетейік, өткен апатада елордада бұрынғы әскерилер баспасөз мәслихатын өткізіп, заңсыз сотталғанын айтты. Атап айтқанда Қорғаныс министрлігі әскери өкілдіктер орталығының бұрынғы бастығы Мұхтар Қарабеков Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің Иманғали Тасмағамбетов пен Әділбек Жақсыбековке қарсы куәлік етіп, айғақ беруін талап еткен. Алайда жалған куәлік етуден бас тартқаны үшін 8 жылға сотталған. Қазір әскерилер өздерінің істерін қайта қарап, толық ақтақтауын талап етіп отыр.